Хабар телеарнасы

Шетелдік тіркеуде тұрған көліктер заңдастырылады

Шетелдік нөмір таққан көлік иелерінің назарына! Автокөлігін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен есептен шығарып үлгермеген азаматтар елімізге уақытша 5 жылға есепке қоя алады. Бұл туралы ІІМ хабарлады. Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Алтынбек Жамалиевтің сөзінше, уақытша тіркеу кезінде мемлекеттік номер үшін 9 мың теңге, өзге де құжаттарға 5 мың теңгедей төлейді. Бұған 200 000 теңге тіркеу алымы қосылады. Көліктің шетелдік номері мен құжаты азаматтарға арналған үкімет корпорациясында сақталады. 5 жыл уақыт өткен соң көлік иесі автосын елден шығаруы керек немесе толық тіркеуден өткізуге міндетті. Бүгінге дейін 160 мыңға жуық көлік құралы тіркелді. 22 мамырдан бастап автомобиль-конструкторларды тіркеу жалғасып жатыр.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Осы заңдастыру аясы 1 шілдеге дейін жалғасады. Одан кейін аталған мерзім ұзартылмайды. Бұның ішінде айтатын болсақ, өтінім беріп үлгерген азаматтардың өтінімдері әрі қарай қарастырылатын болады. Яғни уақыт аз қалды деп халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кезекте тұрып, абыр-сабырға келудің қажет жоқ.