Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында киік төлін түгендеу жүргізіліп жатыр

Қызылорда даласы ашық аспан астындағы перзентханаға айналды. Көп жылдан бері алғаш рет киіктер осы аумақта төлдепті. «Бұл Бетпақдала популяциясының қалпына келуімен тікелей байланысты»,-дейді мамандар. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мынадай жаңа туған киіктің төлі небәрі 1-2 сағаттың ішінде аяқтанып, анасына ілесіп жүріп кетеді. Табиғаттың бір ерекшелігі – дәл сол сәтте мынадай түйежапырақтар қурап, желмен ұша бастайды. Көк пен жердегі жыртқыштар сол сәтте киік пен жапырақтың түсін ажырата алмай қалады екен.

Қызылорда және Ұлытау облыстарының шекаралас аумағы – киіктің миграциялық жолы. Әдетте дала еркелері қыс айларында осы жерде өріп, көктемде сулы жақтарға көшеді. Бірақ биыл көп жылдардан бері болмаған ерекшелік байқалған.

Расул Маханов, «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы: 
-Қазір енді киік аңының күннен күнге көбеюіне байланысты Қызылорда облысының аумағында да төлдеп жатыр. Қазір осы тұрғанда кемі 90% жоғары төлдеп болды. Бұрын киік аз болған жағдайда Қызылорда облысының аумағында қалмайтын еді киік.

Мұндай көріністі 90 жылдардан бері алғаш көруіміз. «Сайын дала сұлуларын сақтап қалу үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн»,-дейді тәжірибесі мол мамандар.

Ерболат Бекжанов, «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы: 
- Сондықтан суды көбейту керек. Су бұрынғы скважиналардың бәрі, құдықтар ғой енді солар ағатын. Көбісі оның бітелді, көздері бітеліп қалды. Сол судың мәселесін қолға алу керек деп ойлаймын.

Биыл киік төлдеу кезеңінде заңсыз аң аулау деректері тіркелмеген. Дегенмен бұл қаскөйлер жоқ дегенді білдірмейді. Оған жыл басынан бері тіркелген дерек дәлел.

Нұрдәулет Айтбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы: 
- Былтырғы 2022 жылғы жыл соңындағы анықталған қылмыстық істердің саны 20 қылмыстық іс анықталды. Ал қазіргі таңда осы кезге дейін 7 қылмыстық іс анықталып тұр. Ол қылмыстық істер бойынша құзырлы органдарға, яғни тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды. Киік аңдарын заңсыз аулау салдарынан оның серкесіне 2023 жылы 7 млн 762 мың теңге және аналығына және төлдеріне 5 млн 433 мың 750 теңге мемлекетке зиян келтіріледі.

Айта кетейік, 2019 жылы Бетпақдала популяциясында небәрі 111 мыңнан астам киік болатын. Биылғы әуе санағының дерегіне сәйкес, оның саны 745 мыңнан асты. Ал Қазақстандағы киіктің жалпы саны 1,9 млн жеткен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев