Хабар телеарнасы

Атыраудағы Зарослый елді мекені жарыққа жарымай отыр

Жарықтың жиі сөнуінен тұрмыстық техникаларына да зақым келіпті. Тұрғындардың сөзінше, жауаптылар ақпанда олқылықтың орнын толтырамыз деп уәде берген. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ауыл халқын мазалайтын мәселе мұнымен шектелмейді.

Зарослый елді мекеніндегі 1200 жер телімінің мыңға жуығын тұрғындар алып, үйін салып үлгерген. «Бірақ көшіп келгелі қиындықтан көз ашпадық», – дейді.

Эльмира Мұртазаева, елді мекен тұрғыны: 
- Алған техникаларымыздың бәрі өртеніп жатыр. Оның себебі - тоқ күшінің аздығы. Не кір машина қоса алмаймыз. Телевизорымыз кетті. Өткен жылы осындай уақытта Мейірім Қалауидің өзі келді. Жылдың аяғына дейін бәрін аяқтап береміз, осы свет болады деген уәде беріп кеткен. Қазір акимтаттан жауап келді, тағы июльға дейін қалдырып отыр.

Асылбек Исаев, елді мекен тұрғыны: 
- Жарығы бар, газы бар, суы бар, мусорға «Спецавтобаза» счет выставлять етеді. Біз бәріне ақшасын төлеп отырмыз. Бірақ результат жоқ. Не үшін төлейміз. Судың, тоқтың нашарлығына, жиналмаған мусорға?  Арттағы көшелерде интернет жоқ, вообще связь жоқ.

Атырау ауылдық округіне қарасты Зарослый елді мекеніндегі жер телімі 2016 жылдан бастап берілген. Сол уақытта электр желісін жүргізу үшін әкелінген қажетті материалдар қолды болыпты. Түйткілдің түйінін шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама қайта жасалып, 1 млдр шамасында қаржы бөлінген. Ауылдық округтің әкімі құрылыс жұмыстары маусымда аяқталады деп тағы уәде берді.

Нұрлан Қалмұрзин, Атырау ауылдық округінің әкімі:
- 2022 жылдың 23 мамырынан бастап жұмысты бастады. Шарт негізінде 31 шілде 2023 жылға дейін Зарослый тұрғын алабының көше жарығын, жалпы жарығын жүргізуді бітіру жоспарлануда. Негізі мердігер мекемемен қазір сөйлесіп отырмыз. Олар: «Біз шілдені күтпей шамамен мамыр-маусым айларында бітіреміз», – деп отыр жұмыстарын.

Уәдеге тойған тұрғындар енді маусымды күтеді. Жауаптылар: «Жазда 10 трансформатор орнатып, 31 көшедегі жарық мәселесін толығымен шешеміз», – деді. Ал ұялы байланыс 15 сәуірге дейін қалыпқа келмек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин