Хабар телеарнасы

Таразда тері өндірісі тұралап тұр

Былғары шығарумен айналысатын кәсіпорын мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Алып зауыттың шағын цехы ғана жұмыс істейді. Оның өніміне сұраныс жоғары. Бірақ ескі құрылғылармен жоспарды жүзеге асыру оңай емес. Әрі маман тапшы.  Өндірістің өрісін кеңейтуге тағы не кедергі?

Кемелбек Абдуалиев 30 жылдан бері тері өңдеу кәсібімен айналысып келеді. 11 азаматты жұмыспен қамтыған шағын цехта жылына ұсақ малдың 70 мың терісі өңделеді. Кәсіпкердің өніміне сұраныс жоғары. Бірақ ескі техникамен сапалы өнім шығару қиын.

Кемелбек Абдуалиев, кәсіпкер:
-Ескі 50 жыл 40-60 жыл болған станоктар бар мына жерде. Соны әйтеуір илалатып жұмыс істеп келе жатырмыз. Заманауи станок алатын болсақ Құдай қаласа, ол бізге жеңіл тиеді. Жұмыс істегенге де, сапа жағына да.

Шағын цехтың басты қызметі «Тараз былғары аяқ киім» кәсіпорынын табиғи жүнмен қамтамасыз ету. Бірақ өңделген тері қат болғандықтан, өндірісті еселеу мүмкін болмай тұр. Мәселе бұл ғана емес. Кеңестік кезеңде жылына 6 млн жұп аяқ киім шығарған зауытта 7500-ге жуық жұмысшы болған. Бүгінде өндірілген өнім ауқымы 240 мыңмен шектеліп отыр. Себебі алпауыт зауытының бір ғана цехы жұмыс істеп тұр. Оның өзіне маман жетіспейді.

Мұхтар Шаюнусов, кәсіпорын директорының орынбасары:
-Біздің басты проблемамыз — кадр табу. Өзіміз амалдап, жас мамандарды үйретіп жатырмыз. Колледждерде бізге сәйкес келетін мамандықтар бар. Бірақ оқу бітірген жастар келмейді. Қазір 248 қызметкер болса, олардың 70% егде жастағылар.

Өңірде қайта өңдеу кәсіпорындарымен қатар ауыл шаруашылығы мамандары, слесарь, техник геодезист те жетіспейді. Жауаптылар «мұның шешімі «кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қысқа мерзімді оқыту», дейді. Облыста 26 000 тұрғын жұмыссыз болса, оның 3700-і жастар.

Ғалижан Мейірманов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
-Олар өзіне қажетті мамандарды іріктеп, халықты жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс істейді бізде. Сол жерге тапсырыс беріп өздерінің қажет мамандарын оқыта алады. 2022 жылы 1224 маман осы қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтіп, оның 75%, яғни артығымен жұмыспен қамтылып отыр.

Тері мен жүн өңдеу өндірісі соңғы 5-6 жылда неге тасада қалды? Бұл сауалға, жауапты министрліктен мардымды жауап болмады. Тек аталған саланың 1 ай бұрын ауыл шаруашылығына қайта берілгенін білдік. Өндірістің өрісін кеңейту үшін, жаңа жобалар дайындалып жатқан көрінеді.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Сіз теріні өңдеу бағытындағы бір кәсіпорын ашатын болсаңыз, оның кем дегенде 25% мемлекет қаражатынан шығыны өтелетін болады. Оларға жеңілдетілген несие беру жобасын қазір нақты қолға алып отырмыз. 4 пайыздық несиені СПК арқылы беруді қарастырып отырмыз.

Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында нақты қадамдар болмай тұр. Сол себепті ме, республика бойынша тері мен жүн өңдейтін тек 10 кәсіпорын бар. Жауапты министрлікте айтылған жобалар жүзеге асса, олқылықтың орны толар деген үміт те жоқ емес.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә