Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында жас кәсіпкерлер саны 16 мыңға жуықтады

Мәселен, биылдың өзінде 6 мыңнан астам жаңа кәсіп иелері тіркеліп отыр. Себебі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігі мен жергілікті биліктің қолдауы бұл саланың қарыштап дамуына жағдай жасаған. 

Әлия Ашықова Ақтөбеге бұған дейін сырттан тасымалданып келген тауарды өндіруге кіріскен. Автокөлікке арналған иіссу мен хош иістендіргіш бұйымдарын ұсынып отыр. Мамандандырылған дүкендерде сұраныс жоғары дейді. Сондықтан тұрақты табыс көзін тапқан.

Әлия Ашықова, жас кәсіпкер:
- Супермаркеттер сияқты үлкен сауда желілеріне шығуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа тұтынушы сұранысы бойынша әрбір тауарды ерекше етіп дайындап беруге болады. Ірі компаниялар жарнама бұйымдары ретінде қолдана алады. Мұндай тапсырысты кемінде жүз данадан әзірлейміз.

Биыл «Ұлттық жоба» аясында өңірдің 700-ге жуық жас кәсіпкері қаржылай қолдау тапқан. 4 млрд 200 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілсе, 470 млн теңге қайтарымсыз грант иелері анықталды. Бұл жеке ісін енді бастаған шағын және орта бизнес өкілдеріне айтарлықтай демеу болып отыр.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мемлекеттің нақты дамуы үшін орта және шағын бизнес өте жоғары деңгейде болуы керек. Ол енді мына еуропалық мемлекеттерде 70-80% деңгейіне шығып отыр. Біздер енді 29 пайыздың айналасында жүріп жатырмыз. Бірақ ол ұмтылған елге ертең тез болады. Сондықтан осы бағытты біз әрі қарай қолдаймыз!

Бизнес саласынан бөлек, аймақта креативті экономиканы да дамыту көзделіп отыр. Бұл мақсатта облыста шығармашыл жастар орталығы іске қосылады. Заман ағымына сай өнердің жаңа бағыттары зерделеніп, жүзеге асырылуы тиіс. Ал 35 жасқа дейінге жандардың баспана алуына жағдай жасау үшін «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында құжаттар қабылданып жатыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов