Хабар телеарнасы

Қазақстанда уақытша тұруға 896 шетел азаматы өтініш жазған

Мұндай деректермен Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов бөлісіп отыр.

Ал соңғы күндері шекара асып, елге кірген ресейліктер саны 2-3 есе артқан. Жалпы жыл басынан бері 4 млн 399 мың шетелдік келген, оның 39% — ресейліктер. Соңғы бірнеше күнде Ресеймен шекарада кептеліс пайда болды. Осының кесірінен күн сайын Ресейге баратын 17 мыңдай қазақстандықтың елге оралуы қиындық туғызып отыр. Жалпы көрші ел азаматтарының бір бөлігі біздің ел арқылы өзге мемлекетке өтеді. Соңғы күндері 40 мыңнан астам ресейлік Қазақстаннан кетті. Шетелдіктер ел аумағына кірген сәттен бастап олардың барлық құжаттары тіркеліп, келу мақсаты айқындалады. Олардың тұрғылықты мекенжайын учаскелік полицейлер тексеріп отырады. 

Аслан Аталықов — ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Егер ағымдағы жылдың 21 қыркүйегіне дейін Қазақстанға 9-12 мыңға жуық ресейліктер кірген-кеткен болса, 22 қыркүйектен бастап Қазақстанға олардың саны екі есе көп келеді. Сондықтан Ресей Федерациясының шекарасы жағынан жиналымдар болып жатыр.