Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын кезек жиналған

Біздің елге бет алған көршілердің саны күрт артқан. Бақылау-өткізу бекеттерінде көліктер сағаттап тұруға мәжбүр. Кезек күтіп сарылмаудың төте жолын тауып, жаяу өтіп жатқандар да жетеді. Ішінара мобилизациялау жарияланған соң Ресейден шетелге кетіп жатқандар қатары көбейді. Салдарынан Қазақстан, Өзбекстан, Армения, Түркия, Грузия және Біріккен Араб Әмірліктеріне әуе билеттері бірден сатылып кетті. Баға да шарықтады. Мәселен, Мәскеу-Астана бағытындағы ұшақ билетінің құны 7 млн теңгеден асқан. Ресейлік ақпарат құралдары баға орта есеппен 10-15 есе өскенін хабарлап отыр. Бүгін әуе билеттері арзандады. Мәскеуден Алматыға билет шамамен 400 мың, ал Ыстамбұлға 700 мың теңге тұрады.

Осы мәселеге қатысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірді.

Сенат спикерінің айтуынша, кез-келген шетелдіктердің жұмыс сапарымен, туыстарына немесе турист ретінде келуіне шектеу жоқ. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары да Ресейге емін-еркін бара алады. Бұл өзара процесс болғандықтан, оны шектей алмайтындығымызды айтты.

«Ал саяси баспананы беру, босқын мәртебесін беруге келсек, бұл халықаралық шарттармен, БҰҰ желісі бойынша мақұлданған тиісті құжаттармен реттеледі. Қазір бұл тұрғыда мәселе көтереліп жатқан жоқ»,— деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ететін құжат елімізде қандай да бір мүмкіндіктер береді. Осы орайда елімізде бұл құжатты рәсімдеу үшін кез келген басқа елдің азаматы өз мемлекетінен рұқсат алуы керек. Бұл талап еліміздің заңнамасында нақты белгіленген. Яғни шетел азаматы өз елінен кететіні туралы арнайы парақша мен басқа да құжаттарды ұсынуы тиіс.