Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы Глубокое ауылындағы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары екі жылға ұласты

Алайда инвестор мердігермен ортақ келісімге келе алмай, құрылыс тоқтап тұр. Ал серіктестер соттасып жатыр. Жобадан үмітін үзген тұрғындардың бірқатары электр жылытқыштарды сатып алуды жөн санаса, екіншілері жер үйге көшіп, қысқа отын-суын дайындауға кірісіп кеткен.

Алексей Виялкин, Глубокое ауылының тұрғыны:
-Осы ауданда тұрғаныма 19 жыл болды. Мен көшіп келерден бір жыл бұрын бұл жақта жылу жүйесін ажыратып тастапты. Содан бері әлі қосылмады. Қазір тұрғындар пәтерлерін тастап кетіп жатыр.

Елдар Ыдырышев, Глубокое ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы​:
-Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салынғандықтан, мемлекет тарапынан ешқандай кедергі болып тұрған жоқ.​1 млрд 689 млн теңгенің жұмысы орындалды. Қазір құрылыс монтаж шаруалары қалды. Жекеменшік шетелдік инвестор өздері келіскен мердігер компаниямен өз мәселелерін шеше алмай жатыр. Араларындағы кредиторлық қарыз 227 миллион теңге.