Хабар телеарнасы

Түркістандық құрылысшылар мұқтаж отбасыларға баспана сыйлады

Күтпеген жерден баспана кілтін алып, қуанышқа кенелгендердің бірі – Гүлзахира Абтолова. Шиеттей 6 баланың анасы осы уақытқа дейін пәтер жалдап, туыстарын жағалап келген. Жолдасы өткен жылы өмірден өтіпті. Әбден қиналған келіншек алғашында тосын сыйға тосырқап қалғаны рас. Содан кейін барып көз жасына ерік берді.

Гүлзахира Абтолова, көпбалалы ана:

- Биыл балаларымды қай жаққа оқытамын деп не істерімді білмей жүрген едім. Ойламаған жерден түс көргендей болдым да қалдым. Бірбөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Күйеуім қайтыс болған. 6 балам бар: үш қыз, үш ұл. Бүгін ас береміз деп шақырғаннан кейін келгенбіз. Үй аламыз деп ойламадық.

Баспаналы болған төрт отбасы да әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Арасында қиын жағдайда күн кешіп, тіпті вагонда тұрып жатқандары да бар. Қала әкімінің ұсынысын құрылысшылар бірден қолдап, төрт отбасылық мына үйдің құрылысын осыдан 2 ай бұрын бастап кеткен. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында жаңа баспананың кілтін мұқтаж жандарға салтанатты түрде тапсырды.

Балғабай Нұрсейітов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Адамдар бір-біріне жақсылық жасаса, мейірімді болса, қоғам алға жылжиды деген оймен жүрміз ғой. Өзіміз де қуаныштымыз, өз балаларымызға үй салғандай болып жатырмыз. Құрылысшылардың бәрі қуанып жүр.

Әр отбасыға ұсынылған үй үшбөлмелі. Баспаналар қажет жиһазбен тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген. Өнегелі істің куәсі болған ақсақалдар қайырымды болу адамның болмысына біткен ізгі амал екенін, ал мұқтаж жандарға мейірімділік пен ізгілік таныту адамгершіліктің белгісі екенін айтты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш