Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысына қарасты Кеңес Нокин ауылындағы мектеп құрылысы әлі аяқталмады

Білім ордасында үш апта бұрын күрделі жөндеу басталған болатын. Жергілікті халық енді қалған бір ай ішінде құрылыстың аяқталарына сенімсіз. Ендеше оқушылардың сабағы не болады? Жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Благодарный орта мектебін жөндеу жұмысы қарқынды. Бөлмелердің едені шығарылып, 50 жыл болған ескі шатыры алынып тасталған. Ғимарат толықтай жаңартылуы тиіс. Ата-аналардың алаңдауы да сондықтан.

Айгүл Сәлімгереева, ауыл тұрғыны:

- Кеш басталды. Мамыр айында бастап кету керек еді. Енді балаларды екі мектепке немесе біреуіне бөледі деп айтты. Жөндеу жұмыстары бітсе, өзіміздің мектепке барармыз, белгісіз.

Бұл ғимарат жарты ғасыр бұрын салынған. Соңғы рет күрделі жөндеу 2016 жылы жасалыпты. Ол кезде жылыту және электр жүйесі, есік-терезесі жаңартылған. Бұл жолы ескірген шатырын жаңалап, қасбеті қапталады. Бөлмелердегі ағаш еденнің орнына бетон төселіп, қабырғасы сырланады. Жоспарға сай жұмыс желтоқсан айына дейін созылуы мүмкін. Бірақ мердігер мекеме өкілдері мейлінше тез аяқтауға әуде етіп отыр.

Рашид Жолдыбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарын 2 ай ішінде тәмәмдауға тырысамыз. Шатырын да жауып үлгеруіміз керек. Тек сыртқы қасбетін кейінге қалдыруға тура келеді. Себебі арнайы тапсырыспен жасалатын дүние. Бірақ осы уақыт аралығында мектеп ауласын абаттандырып та үлгеруіміз керек.

Благодарный орта мектебінде 496 оқушы білім алады. Биыл 50 бүлдіршін бірінші сыныпқа барады.

Меткүл Қосымбаева, қалалық білім бөлімінің жетекшісі:

- Егер үлгермей жатқан жағдайда балаларды тасымалдауды ұйымдастыру, балаларға қауіпсіз жаңа оқу жылын бастауға барлық тиісті деңгейде жұмыс жүргізіледі.

Ғимаратты жөндеуге бюджеттен 180 млн теңге қаржы бөлінген. Шенеуніктер тиісті құжаттар дер кезінде рәсімделіп, қаражат та уақытында бөлінді дейді. Жалпы биыл қалада 10 мектеп пен 3 балабақша жөнделеді. Бұл мақсатта 1 млрд 900 млн теңге қарастырылап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков