Хабар телеарнасы

Түркістан облысының диқандары егіс алқабын суғара алмай отыр

Шаруалар: «Жергілікті билік өкілдері Түркістан қаласына су тарту үшін арналарды әдейі жауып тастап отыр», – дейді. Салдарынан көкөніс пен жеміс бақтарына айлап су берілмеген. Енді тамырына нәр бармаған егіс алқабы кеуіп, көктей солып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Хикматулла Саидназаров егін алқабында ерінбей еңбек етіп, жылына екі рет өнім алуға машықтанған. Көктемде картоп өнімін жинап, ел ішінде саудалайды. Ал екінші маусымға 650 мың теңгеге баклажан көшеттерін сатып алып, мол өнім жинауды ойлаған еді. Бірақ жоспары жүзеге аспай, ыстық күнде көшеттері көктей солып жатыр.

Хикматулла Саидназаров, диқан:

- Баклажан жоқ, бірең-сараң қалды. Енді мұны суармайтын болсақ, бәрі шығынға батады. Бұл жерге 600 мыңнан астам ақша салып қойдым. Одан бөлек дәрі алып, сеуіп тастағанмын. Оның бәрі шығын.

Осылайша, Сайрам ауданында жүзден астам диқанның шаруашылығы шатқаяқтап қалды. Ыстық күн де жас өскінге су жеткізе алмаған диқандар шығын көлемін есептеп, Ақсу өзенінің арнасына күнде жиналады. Көбі картоп пен пияз, сәбіз бен мал азығын еккен. Сондай-ақ жеміс ағашын жайқалтқандар да тіршілік нәріне зәру. Айтуларынша, айына бес күн толық су алуға уағдаласып, алдын ала ақысын да төлеп қойыпты. Бірақ осыған дейін тек 6 сағат су беріліпті.

Роза Әбдікерімова, Ақсу ауылының тұрғыны:

- Су жақсы болмағаннан кейін алмаға ауыстық. Бір ай болды, міне, су жоқ. Ағаштар қурап жатыр.

Диқандар: «Алты сағат ішінде бір гектар алқапты суару мүмкін емес», – дейді. Ал суға жауапты сала басшылары барлығын табиғи жағдаймен байланыстырып отыр. Өзен арнасы бұған дейін Түркістанға бұрылса да, арнада жеткілікті мөлшерде су деңгейі сақталғанын алға тартады. Ал биыл су деңгейі 5 текше метрге дейін түсіп кеткен. Сондықтан су үлестірудің жаңа кестесі бекітіліпті.

Шухрат Ибайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде Ақсуға таудан 12-13 куб су келіп тұрған еді. Осы шілде айында таудан келген су 9 кубқа түсті. Сондықтан біз 48 каналдың бәріне жеткізе алмағаннан кейін кестеге өткіздік. Кесте дұрыс жасалмаған ба, әлде су шаруашылығының мамандары дұрыс тиімді пайдаланбаған ба, халыққа жетпей, кішкене түсініспеушілік болып тұр. Бүгіннен бастап оның бәрін ретке келтіреміз.

Сайрам ауданында 23 мың гектар суармалы егіс алқабы бар. Жергілікті билік өкілдері Ақсу өзені секундына 20 текше метр су өткізу мүмкіндігі барын айтады. Бірақ ауа райының аптап ыстығының салдарынан алдағы уақытта да су тапшылығы болады деп отыр. Сондықтан кезекпен үлестіру кестесі сақталады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы