Хабар телеарнасы

Ақтөбеліктер өндіріс қалдығын қала маңына көмуге қарсы

Оны Бауырластар-3 елді мекенінің тұрғындары байқап қалған. Қырағы жұрттың пайымынша, әлгі қалдықтың құрамында түрлі улы зат болуы ықтимал. Егер солай болса, онда қоршаған ортаға тиетін залал көп.

Тереңдігі ондаған метрге дейін жететін карьерден құрылыс пен кірпіш өндірісіне құм қазылған. Қазір жұмыс тоқтап, қараусыз жатыр. Кіреберісінде елге танымал ірі компанияға тиесілі деген ескертпе бар. Күл-қоқыс төкендерге айыппұл да қарастырылған. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, болашақта бұл жерге зауыт өндірісінен қалған қиыршық тас пен шаң-тозаң тасымалданбақшы.

Әнет Сарин, Бауырластар-3 ауданының тұрғыны:

- Биыл төселсе, халық ауырады. Тұрған радиация ғой. Халықтың өзі ауру болады. Біз бұл жаққа таза ауа деп келдік. Қаладағының барлығы осы маңға жиналып жатыр. Бала-шаға ауырса, Үкімет ешқандай жәрдем бере алмайды.

Жақын маңдағы Бауырластар-3 ауылының халқы: «Қалдықтың жерасты суына зияны бар», - деп есептейді. Орталық жүйеге қосылмаған елді мекен тұрғындарының 30% құдық қазып алған. Сондықтан белгісіз қалдықтардың қаупінен секем алып отыр.

Дәулетқали Мұқашев, Бауырластар-3 ауданының тұрғыны:

- Біріншіден, бұл жерден аққан су біздің ішіп жатқан суымызға барады, екіншіден, Сазды өзеніне құяды. Сазды өзені Елекке құяды. Сонымен бұлар тек Сазды емес, Бауырлас емес, бүкіл Ақтөбе облысын экологиялық катастрофаға әкелгісі келіп отыр.

Аталған ауылдарға жауапты шаһардағы Астана ауданы әкімдігінің өкілдері: «Жоба әлі бекітілген жоқ», - дейді. Дегенмен алғашқы қоғамдық тыңдау өтіп кеткен. Тіпті халықтың келісімі де бар көрінеді.

Мамырғали Аққағазов, Астана ауданының әкімі:

- Шешім қоғамдық тыңдаудың негізінде қабылданды. Негізі жобасы жасалып қойған.

Жоба бұрыннан белгілі болғанымен, қандай қоқыстың көмілетінінен экологтар хабарсыз боп шықты. Құзырлы мекеме өндіріс қалдық құрамын әлі зерттемеген.

Талап Уснадин, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Біз әлі зерттеген жоқпыз. Бірақ бұған дейін өзге жобалар аясында зауыттың зертханасы берген анықтамада химиялық қауіп жоқ делінген. Дәл қазір анығын айта алмаймыз. Сынама алып, зерттеген соң белгілі болады. Сертификатталған құрылыс материалдары делінген. Яғни қиыршық тас пен құм. Бәлкім басқа зат та болар.

Бұл Бауырластар-3 елді мекені тұрғындарының басындағы жалғыз мәселе емес. Кезектегі жандарға 5 жыл бұрын мыңнан астам жер телімі үлестірілгенімен, әлі күнге дейін коммуналдық желілер жүргізілмеген. Атап айтқанда, облыс орталығының іргесіндегі ауыл халқының дені ауызсуды тасып ішіп отыр.

Әнет Сарин, Бауырластар-3 ауданының тұрғыны:

- Осы жерден бір су бағанасын қазып берді. Бұл халыққа жетпейді. Екінші мәселе, мектеп. Қаншама бала-шаға бар. Олар бір мектепке сыймай жатыр. Бес жылдан бері бармаған жеріміз жоқ.

Журналистермен жүздескен бұқара қоғамдық көліктің де қиындығын тартып отырғанын айтып қалды. Іргеден өтетін жалғыз автобус ауыл көшесіне бас сұқпайды. Мектепке асыққан оқушылар да, еңкейген қария да қыста қарға, көктем мен күзде балшыққа батып жолға жетуге мәжбүр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков