Хабар телеарнасы

Жол апатының жиілеп кетуіне не себеп?

Өткен аптада 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 50 адам қаза тапты. Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері жол апатынан мыңнан астам азамат ажал құшып, 8 мыңнан астам адам жарақат алғанын айтып дабыл қағуда.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Жолың болсын, жолаушы! Бұл тілек – бүгінде көлік тізгініндегі әр жанның жан қамалы. Әйте де қара жол бойындағы қасіретті жағдай азаймай тұр. Күре жол үстіндегі қайғылы оқиғаның жиілеп кетуіне не себеп?

Тұрғындардың ашына айтқан мәселелері өзекті. Осыған орай құзырлы органдар заңнаманы жетілдіруді көздеп отыр. Енді қала сыртындағы трассаларда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін көлік жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулер пысықталуда.

Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін автожолдардың авариялық-қауіпті учаскелеріне қосымша 1,2 мың тексеру жүргізілді, 20 авариялық қауіпті орын анықталды. Жолдарды күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жою үшін 749 ұйғарым берілді. Қосымша 350-ге жуық жол белгісі орнатылды.

Айта кетейік, жаңа заң жобасының тағы бір жаңалығы – ел азаматтары айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктерден айырылуы мүмкін. Яғни бір жылда бестен артық ереже бұзған жүргізушіге айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуге тыйым салу жоспарланып отыр.  

Авторлары: Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазы