Хабар телеарнасы

Тобылда екпе шөп алқабы екі есе ұлғайды

Өткен жылдардан сабақ алған шаруалар қам жасап жатыр. Кейбірі ауа райына тәуелді болмау үшін суармалы тәсілге көшкен.

Былтыр шөп жетпей, бағасы шарықтап, халық мал басын қысқартуға мәжбүр болған еді. Мысалы, Жітқара ауданында өткен жылы 20 мың бас ірі қара болса, биыл 4 мыңға азайған.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жітіқаралық шаруалар екі-үш жыл қатарынан құрғақшылықтан шөп тапшылығын тартты. Көптеп-көлемдеп көмектесіп, осы қыстан малдарын әупірімдеп әрең алып шыққан еді. Биыл жағдай басқаша. Шабындықтан былтыр 1,5 центнерден шөп жиналса, шаруалар: «Биыл кемі 5 центнерден алынады», - деп отыр.

Бұл – көпжылдық екпе шөп алқабы. Шаруашылықтың бас агрономы Виктор Широков осы қыста қамыс-қоға, қураған шөпті азық еткендерін айтады. Енді ондай жағдайға тап болмас үшін мал азығы дақылдарын егуді қолға алған. Негізінен еркекшөп және судан өсіреді.

Виктор Широков, шаруашылықтың бас агрономы:

- Судан шөбінің артықшылығы сол, қолайлы ауа райы болса, жылына екі рет орақ салуға болады. Басқаларға қарағанда 50% көп түсім береді. Оның сыртында малға құнарлы азық.

Құрғақшылыққа ұрынбас үшін кейбір шаруалар алқапты суару технологиясын қолдана бастаған. Жітіқаралық шаруашылықтардың бірінде субұрқақ қондырғысын іске қосқан сәтіне біз де куә болдық.

Жалпы Жітіқара ауданы бойынша айтатын болсақ, екпе шөп аумағы біршама кеңейтілген. Мысалы, өткен жылы 6 мың гектар болса, биыл он мыңға жеткізілді.. 

Дияр Айжаров, Жітіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша малдың қыстап шығуына 36 мың тонна шөп қажет. Өткен қиыншылықтардан сабақ алған ауылшаруашылық құрылымдары биыл бір жарым жылдық қор жинап алуды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндік бар.

Бағасына келсек: «Былтырғы деңгейде қалуға тиісті», - дейді. Яғни шөптің тоннасы 30 мың теңге шамасында болмақ. Бұл – коммерциялық баға. Ал жекелеген шаруашылықтар өз жұмыскерлеріне одан арзанға беретіні анық.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг