Хабар телеарнасы

Риддерде ұлттық нақыштағы туристік нысан жұмысын бастады

Шаһардың шетіндегі орманда ұлттық нақыштағы туристік нысан жұмысын бастады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар иппотерапия әдісімен оңалту шарасынан қабылдайды. Бұл әсіресе ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға үлкен қолдау болды.

Даша Гилева 25 жаста. Тірек қимыл​ жүйесі бұзылған ол осы туа бітті дертпен кішкене кезінен күресіп келеді. Дәрігерлердің айтуынша, атпен серуендеу науқасқа аса пайдалы. Бұлшық еті босап, құрысқан денесі жазылады. Бұнымен қоса ойы сергіп санасы тынышталады.

Дарья Гилева,  қала тұрғыны:

- Маған табиғат та, атқа міну де өте ұнады. Өзімді жақсы сезініп, жеңілдеп қалдым. Орманда атпен серуендеген керемет екен.

Ал осы жердегі ең кішкене емделуші Леонид Теплинскийдің жасы бар болғаны ​ төртте. Атқа міну ол үшін үлкен жеңіс іспетті. Қуанышында шек болмады. Баласының көңіл-күйін көрген анасы да ерекше риза.

Елена Беспалова, қала тұрғыны:

- Ұлым алғаш рет атқа мінді. Тіпті өзі жалғыз біраз серуендеді. Бірден көңіл-күйі көтеріліп мәз болды. Сондықтан жиі келіп тұрамыз деп ойлаймын.

«Бұндай халықтық емдеу әдісін туризм саласына енгізу оңай болмады», - дейді жоба авторлары. Тіпті мемлекеттен 5 млн теңге грант жеңіп алу үшін соттасуға да тура келіпті.

Наталья Мешкова, жоба авторы:

- Біз сол кезде осы грант бойынша соттасқан жалғыз мекеме болдық. Ақыры өзіміздің бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдедік.

Иппотерапиямен қатар туристік нысанды ұлттық нақышта дамытуға басымдық берілді.

Бұдан былай кәсіпкерлер лагерь ашуды жоспарлап отыр. Жалпы Риддерде 40 бала оңалту шараларына мұқтаж.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жигер Бабақанов