Хабар телеарнасы

Павлодарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алды

Жергілікті билік көшелерді ретке келтіруге биыл 3 миллиард теңгеден аса қаржы бағыттаған. Қазір жолдарға асфальт төселіп жатыр. Сонымен қатар жол жиектеріндегі кеспе тастар ауыстырылып, кәріз құдықтары қалпына келтіріледі. Қала тұрғындарына қолайлы болуы үшін жұмыстар  бірнеше кезеңге бөлініп атқарылады.

Ломов көшесі – облыс орталығындағы ірі көлік магистральдарының бірі. Бұл көшемен трамвай жолы өтеді. Орташа жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген екен. Соңғы жылдары асфальт жабындылары тозып кетіп еді. Ал ойылып кеткен кәріз құдықтары көліктерге қауіп төндірген.

Павел Дворцевой, учаске шебері:

- Алдымен асфальт төсеп аламыз. Содан кейін ғана құдықтарды орнатамыз. Сонда көлік жүрген кезде білінбейді. Асфальттың деңгейіне қарай қойылады. Соңғы жылдары толық бетонға көштік. Ақаулар болмайды

Атқарылған жұмыстың сапасы мұқият тексеріледі. Жол активтері орталығының қызметкерлері қолданылып жатқан материалдардан зертханалық сынамалар алады. Құрылыс басталған күннен бері 18 рет жолға шыққан олар 20-ға тарта материалды зерттеуден өткізіпті.

Марат Валиев, жол инженері:

- Зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алынған барлық материал нормативтік құжаттарда көрсетілген  талаптарға  сәйкес  келеді. Бұл бағыттағы бақылау ары қарай да жалғаса береді.

Павлодарда биыл 12 ірі магистральды көше жөндеуден өтеді. Жол құрылысы көптеген шағын көшені де қамтыған. Шетте орналасқан жекеменшік сектордағы кейбір көшелерде осы уақытқа дейін дұрыс жол болмаған. Болашақта инженерлік коммуникациялар өтетін жерлер де назардан тыс қалмайды. Ондай жерлерге қиыршық тастар төгіліп, тегістеледі.

Арслан Қалиақпаров, қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Қаламызда әлі асфальт-бетонды төсем жоқ көшелер бар. Бірақ олардың жоқтығы бүгінгі күні осы жолдардың астында орталық коммуникация жоқтығы себебінен. Осы коммуникацияларды өткізгеннен кейін асфальт салынады.

Жол жөндеу ісін 13 кезеңге бөліп жүргізу жоспарланып отыр. Негізгі жұмыстарды шілде айының ортасында аяқтау көзделген. Биыл облыс  орталығында жалпы көлемі 60 шақырымға жуық жол төсемі жаңарады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат