Хабар телеарнасы

Жібек жолы ауылының тұрғындары сатылып кеткен учаскенің салдарынан орталық көшеге қатынай алмай отыр

Соның салдарынан тұрғындар орталық көшеге қатынай алмай, тұйық аумақта қалып қойған. Аралда қалғандай болған оларға жедел жәрдем де, өрт сөндіру көліктері де жете алмайды. Ауыл халқының бұдан өзге де шағымы шаш етектен.

Бұрынғы Шамалған стансасы, қазіргі Жібек жолы ауылы тұрғындарының зары теміржол өткелінен басталады. Күнде қалаға жұмысқа қатынайтын олар 1,5-2 сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр. 2019 жылы осы өткелде тұрып қалған автобусты пойыз қағып, қайғылы жағдай болған еді. Содан кейін жаяу жүргіншілерге арналған өткел жасалды. Ал көліктер үшін айналма жол салынады деп айтылған. Алайда жағдай әлі сол қалпында.

27 мың халқы бар Жібек жолы ауылында жол мен жарық мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Кейінгі 15 жылда салынған үйлердің балаларына мектепке бару мұң. Көктем-күзде жарым жолда батпаққа батып қалады. Ең сорақысы, карта бойынша жол салынуы тиіс учаскелер жекеменшікке сатылып кеткен. Нәтижесінде Нұрлы мен Бәйтерек көшелерінің тұрғындары  орталық көшеге шыға алмай, тұйықта қалып қойған. «Ал ауылдағы электр энергиясының әлсіздігінен ХХІ ғасырда өмір сүріп отырсақ та, тұрмыстық техниканың қызығын көре алмай келеміз», – дейді тұрғындар.

Ділбар Сұлтанова, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Қазіргі таңда біреудің үйінің үстімен өтіп отырмыз, ертең ол кісі қақпа орнатса, Таң көшесіне мүлдем шыға алмай қаламыз. Өзім Нұрлы көшесінің тұрғынымын.

Ділшат Ибраева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Интернет, жол, су, газдың бәрін тек құжат жүзінде жасап қойыпты, дәлел ретінде ештеңе жоқ.

Қызылбай Наурызәлиев, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Әкімдердің бәрі ауысып жатыр, біз әкімді көрген жоқпыз. Үш жыл болды сайланғанына, танымаймыз да.

Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Алпамыс Айдаровты біз де жұмыс орнынан таппадық. Тек телефонмен тілдесудің сәті түсті. 

Алпамыс Айдаров, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі:

- Меншік иесімен қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол кісінің жерін ауыстырып беру бойынша мәселелер қаралып, 1-2 аптаның шамасында шешімін табады деген үміттеміз. Таң, Нұрлы, Бәйтерек, Баласаз, Тегістік көшелеріне бюджеттік өтінімдер берілген, сметалары жасалған, енді ақша бергендігіне қарай осы көшелерді жасап береміз.

Былтыр Жібек жолы ауылдық округіне үш жаңа қосалқы электр стансасы салынған. Енді оны «Алатау жарықтың» меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Әкімнің айтуынша, электр қуатының мәселесі екі айда шешімін табады. Айтпақшы, әкім теміржол өткеліндегі кептеліс те келмеске кетеді деп сендірді. Жыл соңында айналма жол қолданысқа беріледі екен.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон