22:00Әрі қарай: Концерт «Hassak-Nama»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қарағандыда дәстүрлі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

  • Категория: Қоғам
Қарағандыда дәстүрлі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Қарағандыда екі жылғы үзілістен соң дәстүрлі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды.

Балалар жылы мен Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға еліміздің барлық өңірінен әскери клубтардың, мектеп-интернаттардың курсанттары мен әскери кафедра студенттері қатысты.

«Спасск» полигонында өткен әскери-патриоттық жастар жиынына 600-ге жуық адам қатысты. Сымдай тартылған қыз-жігіттер алаңда салтанатты сап құрып, аға буынға құрмет көрсетті.

Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы:

- Болашақ батырлар ғой. Жас кезінен ел қорғау, қорғаныс саласында қызметте болу дегеннің қандай екені өмір бақи ойында қалады ғой.  

Жиынның алғашқы күні жастарға Қарулы Күштердің жойқын қарулары таныстырылып, түрлі әскери тактикалар көрсетілді. Ал келесі күні еліміздің әр түкпірінен жиналған 40 команда өзара сынға түсті. Биыл спорттық сайыстар мен жауынгерлік дайындықтан бөлек, зияткерлік байқауларға да басымдық беріліп отыр.

Милана Костромина, әскери-патриоттық жиынға қатысушы:

- Ең біріншіден, «Айбын» әрбір баланың, қатысушының бойында патриоттық сезімді оятады. Көрсетіліп жатқан әрбір әскери дайындық, саптың өзі де тәртіпке үйретеді, бейімдейді. Одан әрі жалғастыру ойымда бар. Өте қатты ұнады. Кәдімгідей жігерленіп қалдым.  

Жалпы соңғы 8 жыл ішінде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына 8 000 жеткіншек қатысқан. Солардың шамамен 10% кейін әскери мамандықты таңдаған. Биылғы шараға да еліміздегі 7 мыңнан астам әскери-патриоттық клубтың ең үздік мүшелері келді. 

Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы:

- Балалардың осы жерге келіп, бір-бірімен кездескендері ең қымбат эмоциялар болып келеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда балалар бір-бірімен танысып, достасып жатыр, мықты бір команда болып, болашақта жоғары оқу орындарына түскен күннің өзінде оларды біріктіретін бір алаң болды.  

Әскери жиын апта соңында аяқталады. Жеңімпаздарға велосипед, ұялы телефон, смарт-сағаттар беріледі. Ол сыйлықтарды қатысушылар дауыс беру арқылы өздері таңдаған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар

Сондай-ақ...