Хабар телеарнасы

Павлодардағы Былқылдақ көлі экологтардың жіті назарында

Жуырда арнайы зерттеу жүргізген мониторинг тобы ауа мен жерасты суларынан сынаптың артық мөлшерін анықтаған.

Былқылдақ көліне 670 тонна сынап қалдығы құйылған екен. Ондаған жылдар бойы химиялық зауыттың қалдықтарымен ластанған су қоймасын мамандар экологиялық апатты аймаққа жатқызады. Химиялық қоспаларға мониторинг жүргізу жұмысы жоспар бойынша наурыз айынан басталып, қарашаға дейін жалғасады. Экологтар судан, топырақтан және ауадан сынама алады. Көлдегі тіршілік иелері де тексеріледі. 

Сергей Землев, санитар дәрігер:

- Жерасты суларында, атмосферада сынаптың мөлшері қалыпты жағдайдан артық екені анықталды. Ол ауа райына да байланысты болады. Ал судың үстінде сынаптың артық қоры анықталған жоқ. Балық пен құстардан да табылмады.

Химиялық қалдық полигонының маңайы бұрын ит тұмсығы өтпейтіндей тікенек темірлермен қоршалып тұрған. Соңғы жылдары бос жатыр. Шаңқай түсте балық аулап, көлге шомылғандар кезікпеді. Бірақ көлдің арғы бетінде ауыл малының жайылып жүргеніне куә болдық.

Аңсар Әлешов, облыстық Жер қойнауын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

- Сынаппен ластанған өндірістік аумақтың тарихын облыс тұрғындары жақсы біледі. Бұл аумаққа кіруге, мал жаюға, балық аулауға тыйым салатын белгілер талай рет орнатылды. Бірақ оны адамдар алып тастайды.

Ал Павлодардың ғалымдары сынаппен ластанған жерлерді бейтараптандыру технологиясын сынақтан өткізіп жатыр. Зерттеу жұмыстарына жапондық препарат қолданылады. Биыл жобаны жүзеге асыруға қаржы да бөлінген.  

Александр Свидерский, химия ғылымдарының докторы:

- Былқылдақ өзенінің айналасында ғылыми зерттеу жүргізуге әкімдік қаржы бөлді. Топырақты қалпына келтіруге байланысты сынамалар алдық. Біз зерттеу барысында сынаптың кезуін, оның органикалық және органикалық емес формаларын анықтайтын боламыз.

Ғалымдар сынақтан өткізіп жатқан жапон препараты топырақтың өсімдік қабатын қалпына келтіруге көмектеседі. Тазартылған аумақты ауылшаруашылық айналымына енгізуге болады. Десе де әзірге экологтар қауіпті су айдынына жоламауға кеңес береді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат