Хабар телеарнасы

Тұңғыш құрылтайда көтерілген мәселелердің қайсысы ерекше есте қалды?

Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық және оны жалғастырамыз да. Араға заман салып Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент осылай деді. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұны мен мәні жағынан көптің көңілінен шықты.

Ұлытауда қанша құрылтай өткенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бәлкім, үш не жеті рет, не одан да көп. Бірақ бұл мекенде ел тағдырын шешкен келелі кеңестердің өткенін тарихтан білеміз. Сол тарих бұл жерде Алтын Орда әміршілерінің, Қазақ хандарының ізі қалған деседі. Ендігі ескі мекен, бірақ Жаңа Қазақстан. Алғашқы құрылтай, алқа қотан отырыс. Академик Асқар Жұмаділдаев сөз алды. Математик өзінің мәнерінде тез әрі дәлелмен сөйлей бастады. Бейне бір құрылтайға келген қауымның емес, өз студенттерінің алдында дәріс оқып тұрғандай. Ол Жаңа Қазақстан үш негізгі ұғымнан тұруы тиіс деп санайды.

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, профессор:

- Бірінші, сөз бен істің ұйқасы. Екінші, әдептілік. Үшінші, жаңа ұмтылыс. «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ұғым дұрыс болды. Бірақ менің пікірімше, «Жаңа Қазақстан» деген сөз «Ескі Қазақстанды» терістету деген сөз емес. «Жаңа Қазақстан» деген сөз «Ескі Қазақстанда» жаңа нәрселер де көп болған. Соның жақсысын алып, жаңа сипат беріп, сол халықтың игілігіне жұмсау деген сөз.

Академиктің сөзін Президент ұйып тыңдады, әсіресе «бізге жаңа ұмтылыс керек» дегенімен басын шұлғи келісті. Ал жаңа ұмтылыс үшін еңбек етпек керек. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайға келген қауымды жер-жерде жаңа еңбек этикасын қалыптастыруға, насихаттауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан. Естімеген елде көп. Бірақ бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады.

Мазасыз мегаполистен бір күн босап, жусан аңқыған далаға барып, күш жинап қайтқан құрылтайшының бірі – Айдос Сарым. Мәжілістегі жұмысына қайта кіріскен ол Президент айтқан үш мәселені жеке дара атап өтті. Біріншісі, заң мен тәртіп, екіншісі – адал еңбек, ал үшіншісі...

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қоғамның ішіндегі жіктермен күресу. Діни жік болсын, басқасы болсын, саяси мәселелер болсын. Біз бір-бірімізді ұнатпауымыз мүмкін, жек көруіміз мүмкін, бірақ еліміз біреу ғой. Ал елдік мүдде тұрғысында біріге білу ол үлкен зиялы қауымның, зиялы жұрттың, елдің, ұлттың менің ойымша, ерекше бір қасиеттерінің бірі болуы керек сияқты.

Жалпы тұңғыш құрылтайға қатысқандар мазмұны жағынан маңызды болғанын айтады. Кесек мәселелер айтылды. Онда айтылған ұсыныстарды Құрылтайдың хатшылығы жинақтап, Президенттің өзіне тапсырмақ.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

- Енді 117-ге жуық мүшелері кірді, өздеріңіз көрдіңіздер. Оның ішінде технократтар да бар, саясаттанушылар, бизнес өкілдері де бар. Қоғамның түрлі-түрлі саласының барлық өкілдері қамтылған. Сол азаматтар өздерінің саласы бойынша көтеріп, тек көтеріп қана қоймай, қазір халықтың күтіп отырғаны сол мәселелердің шешімі ғой.

Тұңғыш құрылтай тұтас ұлт үшін жағымды жаңалықпен аяқталды. Құрылтайдың жасы үлкен мүшесі, қазақтың ақыны Мұхтар Шахановқа Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» медалін тақты. Енді екі аптадан соң 80-ге келетін ақынға мұндай құрметтің көрсетілуін көпшілік көптен күткен. Президент пен ақын айқара құшақтасып жатқанда оны алқалаған жұрт «міне, әділдік енді орнады» десіп жатты...

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Риат Шони, Айбын Құсанбеков