Хабар телеарнасы

Биыл Сыр өңірінде егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 200 гектарға кеміді

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 200 гектарға кем. Ал күріш 5 300 гектарға азайып, орнына мал азықтық және бақша дақылдарын 4,7 мың гектарға дейін көбейткен. Бұл – Сырдария өзені деңгейінің төмендеуіне байланысты қабылданған шаралар. Бүгінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне 550 текше метр шамасында су түсіп жатыр. Ал «Көксарай» су реттегішінде су қалмаған. Егін піскенге дейін су көлемі жеткілікті бола ма? Мамандардың болжамы қандай?

Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі күріш егісінің көлемін 500 гектарға қысқартты. Басты себеп – суармалы су көлемінің азаюы. Өңірдің басты дақылын қысқарта беруге болмайды. Өйткені аймақтың табиғи ерекшелігіне байланысты жер сорланып, тұзданып кетеді. «Сондықтан жоғарыдан келетін су көлемін реттеу қажет», – дейді тәжіребиелі диқан Асқар Әлиақбаров.

Асқар Әлиақбаров, агроном:

- Жоғары жақтағы Тәжікстан, Өзбекстан елдеріндегі су қоймаларының мәліметін қарап отырамыз. Бізге ақпарат келіп отырады. Соны қарап отырсаңыз, олардың су қоймаларының бәрі қай кезде болмасын толып тұрады. Ал ең соңындағы Көксарайда су жоқ. Шардараға жиналған суды енді алып жатырмыз. Біз өзімізге тиесілі қажет суды мемлекетіміз алып тұрса, мүддесін қорғап, тапшылықтың алдын алуға болар еді.

Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандары биыл көктемгі су тапшылығын айтарлықтай сезінген. Осыған байланысты арнайы мамандардан жұмысшы тобы да құрылған.

Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Көктемгі жұмыстарға су аздығы өз әсерін тигізді. Күрішті суаруға байланысты кезекшілікке қоюға мәжбүр болдық. Сонымен қатар қашыртқыдағы суды қайта пайдалану үшін 97 сусорғыш қондырғылары орнатылды.

Биыл Сыр өңірінде егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 200 гектарға кеміді. Ал күріш 5 300 гектарға азайып, орнына мал азықтық және бақша дақылдары егілген. Мамандар диқандардың еңбегі еш кетпеу үшін тиісті шаралар қабылданғанын айтып отыр.

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Үйлестіру комиссиясының бекіткен 3,9 млрд текше метр су өзінің ретімен келе жатыр. Егістікке 3,6 млрд текше метр деп бекітіп берген – Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы. Соның қазір 1,1 млрд алып отырмыз. Енді 2,5 млрд қалып тұр.

Мемлекетаралық комиссия бекіткен су көлемі күзге дейін белгіленген көлемде облыс аумағына келеді деген болжам бар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әльхайдар Тұрлыханов