Хабар телеарнасы

Шығыстағы «Ақбауыр» тарихи кешенінен көне кен пештері табылды

Ұлан ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар осылай дейді.

Азамат Қасым, тілші:

- Осыдан үш жыл бұрын дәл осы жерден сақтардың үш мың жыл бұрынғы ежелгі қонысы табылған еді. Археологтардың айтуынша, үш жылдың ішінде оннан астам металлургиялық пеш табылған. Сол пештің ішіндегі ең үлкені мына жерде орналасқан. Сақтар кенді осы жерде балқытқан. Балқытқан кенді тастың үстіне әкеліп, осы жерде өңдеген. Кедір-бұдырларын осында түзеген.

Археолог Айдын Жүнісхановтың айтуынша, сақтар кен өндіруді, оны өңдеу технологиясын өте жоғары деңгейде меңгерген. Кенді тез балқыту үшін температура жоғары болуы үшін малдың тезегі мен сүйектерін де пайдаланған.     

Айдын Жүнісханов, археолог:

- Рудан кен өндіруге қалайыны қағып алу үшін тастан жасалған кішкентай кетпендер пайдаланған. Сол кетпендердің түпнұсқаларын тапқан болатынбыз. 

Әсия Қаражігітова, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:

- Бұл ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады. Қазір қолымдағы ­– 40-шы сектордан табылған қыш ыдыстардың сынықтары. Ас үйде қолданған.

Биыл Ақбауырдағы археологиялық экспедициясы 20 мыңнан астам артефактілерді тауып, тізімдеп үлгеріпті. Мұндағы қазба жұмыстары тамыз айына дейін жалғасады.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин