01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Маңғыстау облысындағы Шерқала ауылының тұрғындары ауызсуға зар

  • Категория: Қоғам
Маңғыстау облысындағы Шерқала ауылының тұрғындары ауызсуға зар

Маңғыстау облысы, Шерқала ауылының тұрғындары тіршілік нәріне зар болып отырғандарын айтып шағымданды.

Жұрттың айтуынша, су жоқтығынан құдықтары құрғап, бау-бақша қурай бастаған. Осыған дейін орталық құбырдан келетін су тоқтап қалған. «Ал жекеменшік көліктер су тасу үшін 6 мың теңге сұрайды», – дейді.

65 жастағы Дәулет Аязбаева құдығының 2 аптадан құрғап тұрғанын айтады. Салдарынан отбасы мүшелері тіршілік нәрін үнемдеп қолдануға мәжбүр. «Тұрмыстық қажеттілікке әрең жеткізіп отырмыз», – дейді. Бау-бақша да қурап қалған. 

Дәулет Аязбаева, Шерқала ауылының тұрғыны:

- Терек, егіс дегеннің бәрі қалды. Ішер суымыз бір мәселе болып қалды. Суды үнемдеп, кірімізді жуа алмаймыз не балаларды шомылдыра алмаймыз. Ауызсуымызға жетсе болар деп уайымдап, қайғырып отырамыз. Су тасушыдан талон арқылы аламыз, талон 15 күн келеді.

Бұл – Шерқала ауылы тұрғындарының жанайқайы. Айдың күні аманында тіршілік нәріне зар екендеріне ызалы. Ауылға орталық құбырдан келетін судың жаз басталғалы қысымы азайып қалғанын айтады.  

Сұлтанғали Бердібаев, Шерқала ауылының тұрғыны:

- 3 жылдан бері жазда су жоқ. Айтатыны бір сөз: «Құрылыс жүріп жатыр». Маңғыстау-4-ке 2 мың текше метр су беру керек екен. Ол мыңға да жетпейді. Су келмейді. Әр аптаның екі күнінде су ағуы керек. Жеке кәсіпкерлердің су тасушыларынан адамдар амалы жоқ болған соң алады. Су 5-6 мың теңге арасында. Сол құрылысты неге көктемде істемейді?

Марат Ақтөреев, Шерқала ауылының тұрғыны:

- Су тасушыдан аламыз, ол да кезек. Кеше жаздырып едім: «Келесі демалыста бір көлігін аласың», - деді.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері мәселені жасырмайды. Өңірдегі су тұщытатын зауытта жөндеу жұмысы болғандықтан, ауданда орталық құбырдағы су қысымы азайғанын айтады. Сондықтан шағын ауыл тұрмақ, бүтін бір ауданға су жетпей жатыр.

Наурызбек Қаржаубаев, Мұнайлы ауданы ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Су мәселесі өткір, оны мойындаймыз. Жаз мезгілінде су қамту ережесіне сәйкес, 180 мың тұрғынға күніне 34-35 мың текше метр су қажет етіледі. Алайда Каспий су тұщытатын зауыттан 10-12 шаршы метр су үлестіреді. Мұны тиімді жеткізу үшін тұрғындарға кестемен беру, судың көлеміне қарай 2-3 сағат үлестіру бар. Судың тапшылығы 2-3 жылдықта шарықтай түсті.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Мұнайлы ауданы бойынша тұрғындарды мемлекеттік меншіктегі 40 көлік сумен қамтамасыз етеді. Водовоздар біз тұрған станциядан суды толтырып, өтініш берген тұрғындарға апарады. Жүргізушілердің айтуынша, жаз басталғалы тапсырыс 6 есе көбейген. Сондықтан көліктер күніне 14 рет қатынайды. 

Жасұлан Мұхамбетқалиев, «Маңғыстау жылу» МКК директорының міндетін уақытша атқарушы:

- Судың жетіспеушілігіне байланысты 300 арыз түседі. Ертең су реттелген жағдайда ол азаяды. Тұрғындар құбыр арқылы алады. Су зауыттан аз көлемде келді, біз резервтегі суды бердік.

Тұрғындардың айтуынша, су таситын мемлекеттік меншіктегі көліктер саны жеткіліксіз. Сондықтан ұзақ күтуге тура келеді. «Оның санын арттырса, кезек күтпес едік», – дейді. Ал құбырдағы су қысымын арттыру үшін Каспий су тұщыту зауытының қуатын арттыру керек. Сонда ғана Мұнайлы ауданына қосымша 7 мың текше метр су алуға мүмкіндік болады. Оған дейін тұрғындарға амалдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Айгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ...