Хабар телеарнасы

Атырау облысындағы жол құрылысы неге тоқтап тұр?

Биыл Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендерге 60 шақырымнан астам жол жөнделіп, кейбірі толықтай қайта жарақтандырылуы тиіс еді. Олардың кейбірінің жұмысы мүлде тоқтап қалған. Құрылыс материалын сатып алудағы салғырттық салдарынан әлеуметтік нысандар кестеден кешігіп, жолаушылар күнін текке өткізуде.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Мамыр айында осы ара қайнаған құрылыс алаңы болатын-ды. Ондаған техника мен жүздеген адам еңбек еткен. Осы Зарослый ауылына дейінгі 5 шақырым жол екі кесе кеңіп төртжолақты 2-3 категориялы жол болуы керек еді. Алайда қазір құрылыс материалдарының жетіспеушілігінен құрылыс тоқтап, жұмысшылар қаңтарылып қалған.

Бұл – Балықшы-Зарослый ауылын қосатын күре жолдың құрылысы. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын асфальт 4-5 елді мекенді қалаға қосады. Бұған дейін қатынас қиындығынан мезі болған тұрғындар былтыр қала басшылығына арызданып, осы жобаны әрең бастатып еді. Алайда көктемде қолға алынған жоба 1 айдан соң тоқтап қалыпты.

Жанат Садықов, мердігер мекеменің өкілі:

- 1 маусымға дейін бітіруі керек еді. Ұзындығы 400 метр. Инертті материалдардың жоқтығынан учаске әзірге бітпей жатыр. Себебі теміржол вагондары жүріп жатқан жоқ. Жоба бойынша осы учаскеге 2 мың тоннадай құрылыс материалы керек. Әзірге бізде болмай тұр, қалай материал келеді, солай кірісеміз.

Бірақ қиыршық тастың қашан қолға тиері белгісіз. Ал әзірге онсыз да дайын тұрған жол табанын ауыр техникалар жаныштап текке күн өткізіп жүр. Мердігер мекеме 5 шақырымдық жолдың бір бөлігін қолдағы бар материалдарымен дайын еткен. Қалғаны қашан іске қосылатынын тапсырыс иесі де, мердігер де тап басып айта алмай отыр.

Эдуард Оспанов, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта 1,8 шақырымы жасалып, қайта жаңғыртудан өтіп тұр. Оның 400 метрі жасалмады. Мердігер мекемеге талапты күшейтіп отырмыз. Біздің тараптан тапсырма берілді, инертті материалдар қазір жолда. Бұйыртса, 20 маусымға дейін жасалған жұмыстардың барлығын қалпына келтіріп, жолды пайдалануға береміз деген үміттеміз.

Жалпы құрылыс материалдарының тапшылығы тек жол құрылысында ғана емес, облыстағы ондаған әлеуметтік нысанның құрылысын тежеуде. Күні бүгін бес мектеп пен екі медициналық мекеменің құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Оның себебі құрылысқа қажет материалдардың қымбаттауы өз алдына, тасымалдың дұрыс ұйымдастырылмауынан болып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже Амантай Мәтенов