Хабар телеарнасы

Қызылордалықтардың референдумдағы белсенділігі қалай?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қызылорда облысында 462 мыңнан астам адам референдумға қатысуға құқылы. Өңірде 373 дауыс беру учаскесі бар. Оның 28-і жабық жұмыс істейді. Мен қазір Қызылорда қаласындағы № 353 дауыс беру учаскесінде тұрмын.

Бұл учаскеде 2145 дауыс беруші тіркелген. Олардың 17-сі 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқына ие болып отыр екен. Сондай-ақ 11 азамат үйден дауыс беруге өтініш берген. Олардың бесеуі мүмкіндігі шектеулі жандар болса, қалғаны бірер күн бұрын ғана ауруханадан ем алып шықса да маңызды науқаннан қалыс қалмапты. 18 жасқа толған және ең егде референдум қатысушыларына естілік сыйлықтар берілді.

Аслан Ерманов, № 353 референдум учаскесінің төрағасы:

- Қызылорда уақыты бойынша сағат 13:00-де бастап үйден дауыс беруге өтініш жолдаған азаматтарға референдум комиссиясының екі мүшесі барып, дауыстарын жинап келді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бүгінгі референдум барысындағы қызықты мәліметтерге тоқтала кетейін. Сырдария ауданындағы 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров таңертең  № 155 дауыс беру учаскесі ашылмай тұрып барып, ең бірінші болып таңдау жасапты. Жалпы қазірге дейін Қызылорда облысында дауыс берушілердің 75% бюллетень алған. Жалпы референдумның өту барысы туралы әр екі сағат сайын мәліметтер жаңартылып отыр. Әзірге бар ақпарат осы.