Хабар телеарнасы

Көкшетауда халықтың 70% дауыс беріп үлгерді

Дамир Берікұлы, тілші:

- Біз қазір қаланың орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайындамыз. Мұнда 2 бірдей референдум учаскесі орналасқан. Әрі екеуі де – ең ірі бөлімшелер. Комиссия мүшелерінің айтуынша, тұрғындар таңғы 7-ден бастап-ақ белсенділік танытқан. Қазірге дейін облыс бойынша халықтың 70% дауыс беріп үлгерді. Әсіресе үлкендер жағы дауыс беруге асыққаны байқалады. Олардың арасында жасы 100-ге таяған соғыс ардагері де бар. Мәселен, Қосшы қаласында тұратын 97 жастағы қарт жауынгер Нұрқасым Әжітаев таңертең өз бөлімшесіне барып, бюллетень алған. «Алыстағы ауыл халқының да белсенділігі өте жоғары», - дейді облыстық референдум комиссиясының өкілдері.

Манарбек Садуов, облыстық референдум комиссиясының төрағасы:

- Ақмола облысы бойынша 3 қала, 17 аудан. Солардан Сандықтау, Атбасар, Жақсы аудандары алдыңғы қатарда келе жатыр. Халықтың белсенділігі туралы айтатын болсақ, таңертеңгі сағат 9 бен 10-ның арасында өте жоғары. Түс уақытында саябырсыды. Сағат 2-ден кейін белсенділік артты».

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалпы облыс бойынша 718 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 67-сі Көкшетау қаласында болса, қалғандары аудандарда орналасқан. Аймақ бойынша 500 мыңнан астам адам өз таңдауын жасауы тиіс. Осы сағатқа дейін еш заңбұзышылық тіркелген жоқ.