Хабар телеарнасы

Фейк-ньюс тарату кімге тиімді?

Айдос Жұқанұлы, журналист:

- Фейк ақпаратты ажырату – қазір қиынның қиыны. Әлеуметтік желілер пайда болғалы авторы жоқ ақпарат әртүрлі чатта көп тарайтынын көріп жүрміз. Таныстарымның көбі: «Журналиссің ғой, анығын біліп берші», - деп сұрап жатады. Фейк жаңалықты қалай ажырату керек? Дәстүрлі БАҚ пен мемлекеттік арналардың сайттарынан ақпаратты тексеріп көру керек. Сондай-ақ оппозициялық пікірдегі Telegram-арналар бар, соларды оқып шығу қажет. Әрқайсысының өз «шындығы» бар. Соларды салыстыру керек. Ақиқатты ажыратып алу сіздің санаңыз бен IQ-іңізге байланысты.

Сіздің ойыңызша, фейк ақпаратты тарату еріккеннің ермегі ме?

Айдос Жұқанұлы, журналист:

- Иә, солай ойлаймын.

Молдияр мырза, сіз қалай ойлайсыз? Мысалы, референдум қарсаңында түрлі фейк-жаңалық тарады. Олардың қандай астары бар? Мұндай жаңалықтарды кейбір топтар өз мүддесіне пайдалануы мүмкін бе?

Молдияр Ергебеков, медиасарапшы:

- Негізі фейк-ақпарат таратудың үш себебі бар. Олар: экономикалық, саяси және идеологиялық. Экономикалық себеп дегеніміз – фейк таратып, жарнама арқылы пайда табу. Идеологиялық мақсатты көздейтіндер қарсыласын жаман етіп көрсету үшін жалған ақпаратты ойлап табады. Референдум туралы фейк-жаңалықтар экономикалық және саяси себепке байланысты туындайды. Сондықтан ең көп тараған ақпаратқа күдікпен қарай білу керек. «Осы рас па екен?», - деп оны таратудың орнына,  таратпауға тырысқан жөн.

Қоғам жалған ақпарат таратпауы үшін не істеуіміз керек? Қандай да бір жолы бар ма?

Молдияр Ергебеков, медиасарапшы:

- Иә, алдымен халықтың медиа-сауатын ашу керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ресми ақпарат көздерінен іздей алуы қажет. Екіншіден, медианың құзіретіне байланысты. Мысалы, газет-журналдар ақпаратты растау не терістеу офисін аша алады. Екі-үш қызметкер жаңалықтардың рас-өтірігін тексеріп отырады. Ал телевизияда аудитория омбудсмені болса, ол жалған ақпарат эфирге шығып кеткен жағдайда, көрерменнен кешірім сұрап, дұрыстап отыратын механизм қалыптастыруға болады.