Хабар телеарнасы

Ақтөбеде 517 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр

Ресми мәліметке сәйкес, өңірде 560 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген. Оның 6 мыңға жуығы кәмелет жасына енді жетіп, бірінші рет таңдау жасағалы отыр. Аймақтағы тілшілеріміз таңертеңнен бері бірнеше референдум учаскесін байқап қайтты. Олар саяси науқанның Ақтөбеде қалай өтіп жатқанын тікелей эфирде баяндап беруге әзір.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Біз таңертеңнен бері облыс орталығындағы онға жуық учаскеге барып үлгердік. Сондықтан халықтың белсенді екенін айта аламыз. Мәселен, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының кәмілет жасына толған курсанттары тайлы-тұяғы қалмай таңдауын жасады. Барлығы 300-ден астам болашақ ұшқыш алғаш рет саясы науқанға қатысып отыр. Әскерилерді айтпағанда, қарапайым халықтың дені сайлау учаскелеріне түске дейін бас сұғып үлгерген. Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері Аймағамбетовтер әулеті де референдум өтіп жатқан ғимаратқа ертемен келді. Елге үлгі боларлық жанұя өкілдерін сөзге тартқан болатынбыз. Отбасының ақсақалы Қонай ағай азаматтық борыштың маңыздылығын көрсету үшін немересін де ерте келген.

Қонай Айтмағамбетов, қала тұрғыны:

- Он немерем бар. Осылардың өмірі жақсы болсын, болашағы ашық болсын, еліміздің беделді азамат-азаматшасы болсын деп қолымыздан келген бүкіл білгенімізді, тәрбиемізді беріп, үлесімізді қосамыз ба деп келіп отырған. Бәрі жақсы болады деген ниеттеміз.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қазір біз № 56 мектептегі референдум учаскесіндеміз. Түс ауғаннан кейін халық нөпірі сәл саябырсыған. Сондықтан комиссия мүшелері қазір осы маңда тұратын, үйден дауыс беруге ниет еткендерге шығады. Жалпы өңірдегі 517 учаскенің барлығында көшпелі урна бар. Одан бөлек әрқайсысына инватаксилер мен сурдо-аудармашылар бекітілген. Учаскелері Ақтөбе уақытымен кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді.