+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

ШҚО-дағы Лесхоз тұрғындары жүк көліктерінің шаңына көміліп отыр

  • Категория: Қоғам
ШҚО-дағы Лесхоз тұрғындары жүк көліктерінің шаңына көміліп отыр

Шығыстағы Риддер қаласының іргесіндегі Лесхоз ауылы тұрғындарының шымбайына батқан бұл мәселені былтыр арнамыздан көрсеткенбіз.

Алайда түйткілдің тарқар түрі көрінбейді. Керісінше жылдан жылға ушығып барады. «Ауыр жүк көліктері ауылдың астаң-кестеңін шығарды. Шаң-топырақтан көз ашпайтын болдық», - дейді амалы таусылған ауыл жұрты. Жергілікті халық осының кесірінен табиғатқа зиян келіп жатқанын да жасырмайды. Ал жергілікті шенділер: «Ауылға қауіп жоқ», - деп жайбарақат жүр.

Лесхоз ауылы тұрғындарының көрген күні осы. Елді мекеннің ішімен күніне жүздеген жүк көлігі арлы-берлі өтеді. Кен орнына бағыт алған ауыр техника орталық көшемен емін-еркін жүйткиді.

Медет Манашев, ауыл тұрғыны:

- Шаңның астында қашанғы өмір сүреміз? Жүк көліктерінің гүрілі құлақ тұндырады. Ақырын жүруге тырысады, бірақ ауыр техниканың аты ауыр техника ғой. 

Елді мекеннің дәл іргесіндегі үш кеніште қиыршық тас өндіріледі. Ауыл тұрғындары өндіріс кеңейген сайын тыныстарының тарылып бара жатқанын айтады. Жайқалған қарағайлы орманның ажарының қаша бастағанына қамығады.

Галина Лапина, ауыл тұрғыны:

- Бұл жерде ағаш көп еді. Ештеңе қалмады. Қайың да, қарағай да жоқ. Тек қазаншұңқырлар ғана қалды. Екі жылда бес адам суға батып кетті. Балаларды көшеге шығаруға қорқамыз.

Риддер қаласының әкімдігі мұны жақсы біледі. Алайда жайбарақат. «Ауылға айтарлықтай қауіп төніп тұр деп айта алмаймыз. Кен орны заң аясында жұмыс істеп жатыр», - дейді олар.

Нұрсұлтан Көккөзов, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Тұрғындар бөлек жол салу мәселесін көтеріп жүр. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені ерекше қорғалатын орман қоры бар. Аталған мәселені мердігерлерді тарту арқылы шешпек ойдамыз. Құжат жағы қиындық тудыруы мүмкін.

Мәселе шешімін табуы үшін Үкіметтің қаулысы қажет. Жергілікті шенділер түйткілді республикалық деңгейде көтеруге асығар емес.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы ауылда өрт шығып, 30-ға жуық үй қызыл жалынға оранған болатын. Ал құдайдың құтты күні шаң жұтып, тыныс алу жолының ауруларына душар болған ауыл тұрғындары бұл мәселе экологиялық апатқа алып келуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ...