Хабар телеарнасы

Дәстүрлі «Esquire пикник» биыл экологиялық тазалық тақырыбына арналды

«Рartners media group» компаниясының экобастамасы еліміздің басқа қалаларында да жалғасады.

«Рartners media group» компаниясының ұйымдастыруымен өтетін «Esquire пикниктерінің» ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл қатысушылар демалыс орындарының аумағын тазалауды қолға алды. «Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырғымыз келеді», – дейді ұйымдастырушылар. 

Диана Снегина, «Partners Media Group» PR директоры:

- Пикник тақырыбы – экологиялық сана. Біз осы бағыттағы блогерлерді, медиа тұлғаларды, тиктокерлерді жинап, қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты сақтауға үндедік. Олар біздің бастамамызды, қазір әлем үшін маңызды болып отырған эко тақырыбын өз оқырмандарына жеткізеді деп сенеміз. 

Экосенбілікте табиғат жанашырлары қоқыстарды сұрыптау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тау беткейін тазалауға 100-ден астам адам атсалысты. Белсенділердің қатарында  танымал актерлер де бар.

Ерден Телемісов, актер, каскадер:

- Пластик, қоқыс жинадық, әдемі тауларымызды тазаладық. Бұл – өте жақсы бастама. Достармен кездестік, уақытты жақсы өткіздік, таза ауамен демалдық. Менің ойымша, мұндай шаралар көп болуы керек. Шамамен 500 метр жаяу жүріп, бір қап қоқыс жинауға болады.

Альмира Тұрсын, актриса:

- Әрине, қоқыс жинау өте маңызды, бірақ оны сұрыптауды да естен шығармау керек. Осылай жасасақ, біз қоқысты қайта өңдеуге көмектесеміз. Бұл қажетсіз қоқыстардан құтылуға мүмкіндік береді. Бізде осындай бастамалар болғаны өте жақсы.

Биыл «Esquire пикник» республикалық ауқымды қамтиды. Экологиялық шара Алматыдан бөлек, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент қалаларында өтеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев