Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысындағы су тұщыту зауытының қуаты 2 есе артады

Қазір өндіріс орнында жаңғырту жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр. Мамыр аяқталғанша, тәулігіне 25 мың текше метр теңіз суын тұщытып бере бастайды. Үкімет басшысы Президент тапсырған маңызды жобаны мерзімінен кешіктірмей аяқтау қажеттігін ескертті.

Қазір зауыт тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын кері осмос әдісімен ішуге жарамды етеді. Одан әрі Мұнайлы және Қарақия ауданына қарасты елді мекендерге, Каспий жағалауында орналасқан әскери қалашық пен туристік нысандарға құбырмен жөнелтіп отыр. 100-ден астам адам еңбек ететін өндіріс орны 2011 жылы ашылды. 8 жылдан соң жаңғырту қолға алынып, оған мемлекеттік бағдарлама аясында 12,3 млрд теңге бөлінді. 

Нұрлыбай Аққұлов, су тұщыту зауытының директоры:

- Жылдың аяғына дейін 40 мың модернизация мәресіне жету керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы келген кезінде тапсырма берген болатын. Шетелден келетін сорғылар, мембраналар бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Тәулігіне 5 мың текше метр тұщы су шығаратын бір қондырғыны мамыр айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Премьер-Министр барған келесі зауыт еліміз бойынша азотты-минералды тыңайтқыштардың 90% астамын шығарады. Отандық өнім ішкі сұранысты қамтып, ЕуроОдақ және ТМД елдеріне экспорталады. Жаңа бөлімнің іске қосылуымен кәсіпорындағы қызметкер саны 260-қа жетті. Бейтараптау және буландыру цехының құрылысы 2020 жылы басталды. Қазақстанда әзірге бірегей жоба құны 6,4 млрд теңге.

Арман Маулешев, зауыттың бас директоры:

- Енді ешқандай зиянды қалдық, бу шықпайды. Ақтаудың тұрғындары кей кезде бізге шағым түсіреді. Ондай апатты жағдайлар болып тұрады. Өйткені зауыт өте ескі.

Каспий жағалауында инвестициялық қаражат есебінен курорттық қонақүй кешені, гольф-клуб бой көтеріп келеді. Құрылыс алаңдарын аралап көрген соң Үкімет басшысы Ақтау теңіз портына, одан әрі Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев