Хабар телеарнасы

Атырау жаңбыр суынан әлі тазартылмай жатыр

Тұрғындар жауапты мекемеге өтініш айтқанымен, еш нәтиже жоқ. Тіпті сыртқа да шыға алмай отыр.

Қаладағы «Мирас» ықшамауданының тұрғындары қазір осындай күй кешіп отыр. Зейнеткер Мұхамбетжан Баймұқанов бірнеше күннен бері сыртқа шыға алмағанын айтады. Ал олардың айтуынша, тазарту жұмысымен айналысатындар бұл маңға тіпті келмепті.

Мұхамбетжан Баймұқанов, қала тұрғыны:

- Үш күн болды. Әлі жоқ. Үйден шыға алмай отырмыз, суды келіп сорып кетулерін сұраймын, «қазір келеміз» дейді де, келмейді.  Балаларым да үйден шыға алмайды. Көтеріп шығарамыз. Кішкене ойнатып, қайта кіргіземіз. Балшыққа түсіп кетеді. Ойнайтын жер жоқ, айналасы түгел балшық.

Тұрғын үйлер қазір судың ортасында қалған. Жауаптыларға қанша хабарласқанымен, еш нәтиже болмапты.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жауапты мекемелер қазір тек уәдемен ғана шектеліп отыр. Тұрғындар аулаларындағы суды шығара алмай, әбігерге түскен. Сыртқа шығу мұңға айналыпты. Қазір тек су етікпен жүруге ғана мүмкіндік бар.

Ал жауаптылар су сору жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады. Түсіп жатқан өтініштер де көп екен. Судан тазарту жұмыстары бойынша арнайы комиссия да құрылған.

Нұрислам Ғұмар, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- 9 мамырдан бастап 40 мың куб су шығарылды. Қалалық әкімдікке келіп жатқан өтініштер көп. Ол жерлерде жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Су алған үйлер бойынша комиссия құрылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта та жалғасады.

Қазір тазарту жұмыстарына 54 техника мен 78 қызметкер жұмылдырылыпты. Бірақ жұмыс өнбей тұр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин