Хабар телеарнасы

Зайсандықтар газ экспортына қарсы

Өңір халқы билік өкілдеріне көгілдір отынның көрші елге тасымалдануын тоқтату туралы талап қойды. Өйткені тұрғындар газ қоры таусылып қала ма деп алаңдаулы. Айта кетсек, жыл басында Қытайға көгілдір отын экспорты толық тоқтатылған еді. Алайда 10 күн бұрын қайта жалғасқан болатын. Бұл жайт жұрттың наразылығын тудырды.

Зайсандағы мәдениет үйіне халық лық толды. Талаптары ортақ. Қытайға​ газ экспортын тоқтату. Айтуларынша, онсыз да қалған қор көп емес. Кем дегенде 9 жылға жететін ғана мөлшер бар.

Жиналғандар: «Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін елді мекендер өзімізде де жетеді», - деп отыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Шығыстағы газ өндіретін жалғыз участок​ – Сарыбұлақ кен орны. Биыл мамырдың басына дейін мұнда 3,5 млрд текше метр газ өндіріліпті. Қалған қор 1,5 млрд текше метр ғана. Өндірілген газдың 95% астамы Қытай еліне экспортталған. Ал жергілікті тұрғындар газ игерілген 8 жылдың ішінде​ оның жалпы 100 млн текше метрін ғана қолданған. Жылдың басында газ экспорты толық тоқтатылды. Бірақ оны өндіріп келген «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Үкіметтен тағы 150 млн текше метрді Қытайға экспорттауға рұқсат сұраған. Министрлік оған сұрағанының тең жартысын беріп отыр. Сөйтіп, жақында қалған газ қайтадан экспорттала бастады. Газ өндіру компаниясының басшылығы: «Бұл шара шығынымызды жауып, қарызымызды өтеу үшін қажет», - деп отыр.

Арман Құлжынов, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Газ бізге өзіміздің жұмыстарды жалғастыруға қажет. Мәселен, ең бірінші, газ өндіруді жалғастыру үшін қажет.

Жиналғандар жекеменшік компания өз жыртығын өзі жамасын, енді көрші елге бір текше метр газ өтпесін деп талаптарын ашық айтты. Сөйтіп, экспорттың дәп бүгін тоқтатылуын сұрады. Жиынға қатысқан​ Энергетика министрлігінің өкілі мен мен атқарушы билік жұрттың ұсынысына құлақ түрді. Газ экспорты тоқтатады. Әзірше.

Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Министрлік тарапынан үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыт қазір Ресей тарапымен жүргізіліп жатыр. Екінші бағыт – Сарыарқа құбыры. Қазір Теміртау, Павлодар, Өскеменге тартуға есептеулер жүргізіліп жатыр. Үшінші бағыт – сұйытылған табиғи газ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Көгілдір отынды көрші елге жіберетін бұранды әзірге жабылды. Енді жергілікті жерден құрылған комиссия жұмыс істеп, ары қарай экспорт мәселесін бір жақты шешетін болады. Жалпы Зайсанның ішінде де, маңайында да газға қосылмаған нысандар жетеді. Басқасын айтпағанда, көгілдір отын әлі жоспардағы сегіз ауылға тартылған жоқ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов