Хабар телеарнасы

Алматы облысында суармалы су, жайылымдық жер жетіспейді

Бұған қоса егіс алқаптары судан тапшылық көріп келеді. Әлемдегі тұрақсыздық та өз әсерін тигізіп отыр. Мәселен, биыл минералды тыңайтқыш, гербицид, тұқым, техника және оған қажет қосалқы бөлшектердің бағасы өскен. Облыстағы қордаланып қалған мәселелер ауыл шаруашылығы министрі, сенат депутаты және облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Еліміздегі 1,6 миллион гектар шаруашылық жердің 439 мыңы Алматы облысында орналасқан. Аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, Жетісу өңірінде де суармалы су жетіспеушілігі байқалады. Соңғы жылдары өзендер тартылып, фермерлердің табысына кері әсер етіп отыр. Оған қоса былтыр «ҚазСуШар» кәсіпорны су тарифін текше метріне 40-тан 70 тиынға көтеріп, диқандардың наразылығын тудырған.

Тасқын Жаппарқұл, Шаруа Қожалығының Басшысы:

- 2018 жылы 23 тиын болса, қазір бір куб су 71 тиынға дейін қымбаттап кетті. Шаруалардың оған келіспейтін себебі республика бойынша оңтүстік өңірлердің барлығы суармалы егістік қой. Тарифтың барлығын бірдей қылып тастаған.

Қанат Бозымбаев, облыс әкімі:

- Біріңғай тариф енгізу дұрыс емес, әр облыста судың өзіндік бағасы бар. Сондықтан ол жердің топырағына қарау керек, басқа да жайттарына мән беру керек.

Әкімнің бұл ұсынысы қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Су тапшылығын сенатор Ақылбек Күрішбаев те көтерді. Оның пікірінше, еліміздегі су қоры сегіз жылдан кейін 90 текше километрден 76 текше километрге дейін кемиді екен. Шешімін таппаған тағы бір маңызды мәселе – еңбек өнімділігінің төмендігі.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Паламенті Сенатының депутаты:

- Өкінішке қарай, импортымыз жылына 5 млрд АҚШ доллары. Яғни қазіргі бағамен санағанда жылына 2,5 трлн теңгеге азық-түлікті сырттан тасимыз. Салыстыратын болсақ, біздің жалпы республикамыздың бюджеті 5,5 трлн теңге. 2,5 трлн-ға сырттан алып келеміз. Біздің ақшамыз сыртқа кетіп жатыр.

Жиында субсидия жайы да талқыланды. Былтыр субсидияға бөлінген бюджет ақшасын жымқырды деп елімізде біраз атқамінер істі болған. Биыл агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға қосымша 388,2 млрд теңге бағытталатын болады. Ал субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі – оны цифрлық форматқа көшіру.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазір субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік-ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталып қалды. Оның негізгі функциясы – автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру. Жаңа жүйенің «Қолдау» жүйесінен айырмашылығы бар. Ол фермерлер үшін тегін болады.

Облыста жайылымдық жер де жетіспейді. Бұл тапшылық қазір орман қоры есебінен уақытша шешім тауып отыр екен. «Ал мәселенің толық шешілуі Үкіметтің құзырында», - деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев