Хабар телеарнасы

Бүлік кезінде сарбаз бен сәбидің сәлемдескен фотосы қайда түсірілгені анықталды

Бүлік кезінде сарбаз бен сәбидің сәлемдескен фотосы қайда түсірілгені анықталды

Әлеуметтік желіде жаппай тараған фотосурет жергілікті телеарна операторының сәтті кадры еді. Кейін қырағы камераның бейнетаспасындағы видеоны әлдекімдер суретке түсіріп алып, желіге жүктеп жіберген. Қалалық әкімдік маңын күзетіп тұрған қарулы сарбазға сәлем берген 2,5 жастағы Әлихан есімді бала. Әкесі сол күні ұлын ертіп, таза ауамен тыныстауға шыққан.

Аманбай Спаналиев, қала тұрғыны:

 - Балам ашық жерге келгеннен ба қуанып, жүгіріп жүріп 2-3 сарбазбен амандасты. Бізді суретке түсіргенін байқамаппыз. Әлеуметтік желіде тарап кететінін де ойламадық. Ұлым мен әскери адамның суреті музыкамен әсерлеген кезде көп адамға дем берді деп ойлаймын. Қаймығып отырған халықтың еңсесін кішкене болсын көтергендей.

Ал баламен қол алысып, көпшіліктің оң ықыласына бөленген сарбаздың аты-жөні – Шахрух Хасанов. 31 жастағы ефрейтор «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты № 66 98 әскери бөлімінде қызмет етеді. Қаңтардың 4-і мен 9-ы аралығында әкімдік аумағын бүлікшілерден қорғауға жұмылдырылған. Өзі екі ұлды тәрбиелеп отырған Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны.

Шахрух Хасанов, №6698 әскери бөлімінің ефрейторы:

 - Қызмет атқару барысында таңертең сағат 11-12-лер шамасында кішкентай бала әкесімен серуендеп жүрген. Ол күнде сол жерде ойнап жүрген бала. Тыныштық болмағаннан кейін үш-төрт күн үйінде отырған. Сөйтіп, ол бала бізді күнде қару-жарақпен бұлай тұрғанымызды көрмегеннен кейін жүрек жұтып, адамдар арасынан жүгіріп келіп қолын созғаннан кейін мен де жүрегім езіліп, кішкентай баланың қолын қайтармай амандастым.

«Патриоттық сезімге толы фото». Желі қолданушылары суретті осылай деп бағалап, сарбазға ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Оның кішкентай бүлдіршінге деген құрметін бейбітшіліктің нышанына балайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов