Хабар телеарнасы

Масаншыдағы тіршілік: қазақ пен дүнген қоныстанған ауылдардың ахуалы қандай?

Былтырғы жағдайдан кейін бүлінген үйлер жарты жылдың ішінде мемлекет есебінен қайта қалпына келтірілген болатын. Қазір ауыл халқы әдеттегі тіршілігін жалғастырып жатыр.

Масаншы ауылының тұрғыны Юсув Паровтың айтуынша, былтырғы оқиға кезінде үйі өртенген. Баспана жайы шешілгенше, ол бала-шағасымен туыстарының үйінде тұрған. Кейін үйін жөндеуге жергілікті әкімдіктен 4 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Ауылдағы зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 575 млн теңге қаражат бөлінген еді.

Юсув Паров, Масаншы ауылының тұрғыны:

 - Достық пен ынтымақ болса, ешқандай дау мен жанжал болмайды. Қазір тұрмысымыз қалпына түсті. Үйімізді жөндеп алдық. Үкімет көп көмектесті, рақмет.

Масаншыда 3 мектеп бар. № 13 мектеп таза қазақ тілді. Мұндағы 936 оқушының тек 34-і қазақ баласы. Бүгінгі таңда дүнген отбасылары балаларын қазақ тілін меңгеруге мықтап ден қойған сыңайлы. Өткен жылы 129 бала 1-сынып табалдырығын аттаған. Жоғарғы сынып оқушылары арасында да  мемлекеттік тілді жетік меңгергендер бар.

Ауылдағы жастарды жақсы амалдар жасауға үгіттеп, татулық пен ынтымақты сақтауға үйретуге ақсақалдар мен молдалар айтарлықтай  атсалысып жатыр. Былтыр Масаншыда «Имамдар үйі» салынды. Жас ұрпақты имандылыққа тәрбилеу жолында діни мекеменің маңызы зор. Сонымен қатар инфрақұрылым да жетілдіріліп келеді. Тоғыз елді мекеннің ішкі көшелеріне асфальт төселіп, төрт ауылға ауызсу құбыры тартылды. Көгілдір отынға қосылды.

Рүстем Дәулет, Қордай ауданының әкімі:

 - Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен «Бейбітшілік» жобасы қабылданды. Сол жоба бойынша 316-дан аса іс-шара өткізілді. Ол іс-шараларда осы елдің бірлігін нығайту және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту сияқты мәселелер талқыланды. Қазіргі уақытта елдің бірлігі жақсы. Ешқандай даулы мәселе орын алған жоқ.

Негізінен бау-бақшамен айналысып, егін өсіретін Масаншы ауылдық аймағында биыл егістік көлемі де ұлғайған. Үш ауылда 60 шаруа қожалығы бар. Жалпы биыл Қордай ауданында 134 мың гектар егіс  алқабы игерілмек.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев