Хабар телеарнасы

Армениядан әкелінген көліктерді тамыз айына дейін тіркеу керек

Шетелдік темір тұлпарлардың едәуір бөлігін көбіне еліміздің батыс өңірінің тұрғындары сатып алған. Мәселен, Қазақстан аумағындағы армениялық автомобильдердің тең жартысы Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркеуге алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, биыл 1 ақпанға дейін Армения органдарында қазақстандық азаматтардың атына рәсімделген және сол мерзімге дейін елге жеткізілген көліктер ғана жергілікті реестрге алынады. Жол жүру ережесін бұзған жағдайда айыппұл темір тұлпарды тізгіндеген адамға салынатыны да ескертілді. Сонымен қатар жаңа техникалық төлқұжатын тек темір тұлпар иесі ғана рәсімдеуге құқылы. Сондықтан көлік алу кезінде тек көлік айдауға сенімхат рәсімдеу жеткіліксіз. Себебі бұл құжат сізге «көліктің заңды тұлғасы» мәртебесін бермейді. Осы және өзге де құжаттарды қалпына келтіруді тамыз айына дейін қалдырудың қажеттілігі жоқ, керісінше қазір арнайы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында адамның аздығын пайдалануға кеңес береді. Біріншіден, құжаттар тез рәсімделеді. Екіншіден, эпидемиологиялық ахуалға кері әсерін тигізбейді. Cонымен қатар мұндай процедураның бағасы шамамен 12 мың теңге тұрады. Осы орайда құқық қорғау органдарының өкілдері әлеуметтік желілерде көліктерін заңдастырып беремін деп уәде ететін алаяқтарға алданып қалмауды ескертеді. Ақы төленгеннен кейін сары түсті нөмірге көлік иесінің тұрғылықты өңірін көрсететін коды белгіленеді.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Армениялық көліктерді қайта тіркеумен Халыққа қызмет көрсету орталығы айналысады. Азаматтарға қолайлы болу үшін жексенбі күні таңнан түскі сағат 13:00-ге дейін жұмыс істейді. Арменияда берілген техникалық төлқұжаттар да сонда сақтаулы. Ал оң жақ рөлді автомобильдер есепке алынбайды. 2009 жылы енгізілген тыйым өзге елдерден әкелінген көліктерге де қатысты.