Хабар телеарнасы

Үлкен Алматы каналы қайта жанданды

Өткен жылы канал аумағына кешенді тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Ең бастысы бұдан былай диқандар қауымы судан таршылық көрмейтін болды. Тоқырау жылдары тұралап, тіршілік нәрі жетпей қалған 8,5 мың гектар егіс алқабына су жетті.

Тоқырау жылдары каналдың біраз бөлігі бүлініп, ішкі арықтар қараусыз қалды. Аймақтың диқандары қаңсыған жерге тамызар тіршілік нәріне зәру болды. Өткен жылы Үлкен Алматы каналы су шаруашылығы ұжымы кешенді бастама көтерді. Арнайы техника сатып алып, каналдың бүлінген жерлерін бүтіндеп, ішкі арықтарды тазартты. Нәтижесінде «Байсейіт» су бөлімшесінің арнасынан секундына 27 текше метр су жібереліп, Сөгеті және Масақ ауылдарындағы шаруаларға молынан жетті.

Нұрқожа Жусанбаев, «Д.Қонаев» атындағы ҮАК Шелек бөлімшесінің басшысы:

 - Былтырға дейін шаруа қожалықтарына 12 300 га суармалы жерге су берілетін. Қазіргі таңда мына Байсейіт каналдарын жақсылап жөндеп, игерілмей жатқан жерлердің көбін игердік.

«Шелек аймағына жылына 250 млн текше метрден аса су қажет. Жаңбырлатып суару қондырғылары болмағандықтан, жіберілген судың жартысына жуығы далаға кететін», – дейді мамандар. Бұған қоса ішкі арықтар тазаланбағандықтан 7 000 гектардан аса алқапқа тіршілік нәрі жетпей қалған. Яғни диқандар көл-көсір өнімнен қағылған. Өткен жылы ішкі арықтар аршылып 77 тосап, 54 су өлшегіш құралдары қойылды. Нәтижесінде канал өз қуаттылығын биыл толықтай пайдаға асырды. Тіпті су шаруашылығы мамандары егістіктен асқан сарқынды суды жинап, қайта пайдалануға көшкенін айтады.

Орынтай Байтұрсынов, «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры:

- Су жеткізу жүйелері істен шығып қалған. Сол істен шыққан каналдардың 258 км-сын өз күшімізбен тазалап, су жеткіздік. Биыл 7 800 гектарға тағы да қосымша су береміз деп отырмыз.

1983 жылы салынған Қонаев каналы – ірі гидротехникалық құрылым. Жалпы ұзындығы 168 шақырым, оның 49 шақырымы Алматы қаласы аумағында. Су шаруашылығы мамандары тек ішкі арықтар ғана емес, үлкен каналдың кейбір сыр берген тұстарына да жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ең бастысы енді бау-бақша еккен диқандар судан таршылық көрмейтін болды.

Ерлан Атамқұлов, диқан:

- Менің өзіме тиесілі тоғыз гектар жерім бар. 20 жылдан бері тазаланбаған канал тазаланды. Бұрынғыдан алға ілгерілеу бар.

Еңбекшіқазақ ауданындағы 55 мың гектар алқаптың таңдайын жібітіп жатқан тіршілік нәрі «Бартоғай» су қоймасынан келеді. Оның қорын Шелек өзені толықтырады. Төрт жыл бұрын техникалық жөндеуден өтті. Мамандардың айтуынша, тоспада ешқандай ақау жоқ. Судың деңгейі қалыпты. Сиымдылығы 320 млн текше метр екен. Ал су деңгейі көтерілер болса, артық су мына үлкен қазандыққа өздігінен келіп құйылады. «Десе де, бөгеттің техникалық қауіпсіздігі тексеріліп тұрады», – дейді мамандар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов