Хабар телеарнасы

Жиналыстар мен бейбіт митингілер өткізу туралы жаңа заң жобасы талқыланды

Сондықтан қазір ол еліміздің барлық өңірінде қызу талқыланып жатыр. Сондай кездесулердің бірі Оралда өтті. Сөз алғандар атап өткендей, осыдан 25 жыл бұрынғы ескі заңда құқықтық реттеу тетігі мәслихаттарда болса, енді еліміз бойынша ортақ ереже қабылданбақ. Тағы бір ерекшелігі, жаңа заң жобасында бейбіт жиындар өткізу үшін өкілетті органдардан рұқсат алмай-ақ, ескертсе жеткілікті екендігі көрсетілген. Жобаны ұсынушылар жаңа заңда митинг орнының қаланың шалғай ауданында болмауы мен жиынға рұқсат берілмейтін себептер тізімі нақтыланып, үгіт-насихат институты енгізілгенін атап өтті.

Талғат Рахметов, заң ғылымдарының кандидаты:

- Бұған дейін рұқсат сұрайтын. Қазір заңмен басқаша реттеліп жатыр. Енді азаматтарға үгіттеу жұмыстарын жүргізуге, митинг жиындар өткізуге рұқсат берілуде. Бірақ мен ойлаймын, әр азамат, қоғам өзінің жауапкершілігін білу керек. Бәрі заңды болу керек деп ойлаймын.

Қадиша Мұқанова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы филиалының жетекшісі:

- Жиын өткізу үшін ескерту жеткілікті екені жақсы. Бірақ 250 адам деп санын көрсеткені түсініксіз. Себебі жиынға аз немесе одан да көп келуі мүмкін. Ондай жағдайда не істейді? Сондықтан жобаны жетілдіру үшін қазір біз өз ұсынысымызды беріп жатырмыз.

Ал Өскеменде өткен жиынға партия, қоғамдық бірлестік және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен заңгерлер жиналды. Басқосуда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі жаңа заңдағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша митингтер мен шерулер өткізу үшін жергілікті атқарушы органдардан 10 күн бұрын жазбаша түрде рұқсат алу қажет. Қоғам белсенділері заңның осы бабын өзгерту жөнінде талап қойып келеді. Ал жаңа заңда осы тектес бірқатар негізі бапқа өзгеріс енгізілмекші. Соның бірі – бейбіт минтингілерге қатысатын адамның санына қатысты бап.

Олжас Батырбеков, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

- Негізгі ұсыныстар бойынша алдын ала ескертумен митингке 250 адамға жуық қатысуға болады. Одан көп болса, рұқсат алу керек. Сол жағынан тағы да ұсыныстар бар. Бірақ ол тоқталып қалған жағдай емес. Әлі талқылау болып жатыр.