Хабар телеарнасы

11 желтоқсан күні жоғалып кеткен оқушы әлі табылған жоқ

Қазіргі таңда оқушыны қалалық полицейлер мен еріктілер іздестіріп жатыр.

Айгүл Оралбаева, Дамирдің анасы:

- Кетер 11 желтоқсан күні қызыммен сөйлескенде ол: «Мені 11-сыныптың балалары ұрды», – деп айтқан екен. 10-сыныптан 2 ұл, 12-сыныптан 2 ұл ұрыпты. Сосын қызым: «Қай балалар?», – деп сұрағанда төртеуін айтқан.

«Баламның мұндай жағдайға душар болуына мектеп басшысы мен сынып жетекшісі кінәлі», – дейді Дамирдің анасы. Өйткені баласының сөзіне ешкім сенбеген. Тіпті «тоқылдақ» деп ар-намысына тиетін сөздер айтқан. «Ал мектеп директоры осы бассыздықпен күресудің орнына жоғарғы сыныптың балаларын қорғаштап келді», – дейді.

Айгүл Оралбаева, Дамирдің анасы:

- Оларды «учетқа тіркейміз» деп қорқытып қойған. Менің балама мектеп инспекторының өзі: «Шындықты айтқаның үшін тіркейміз», – деп айтқан.

Қалалық көздері нашар көретін балаларға арналған нөмірі №4 арнайы мектепке барып, Дамир Серікұлының сыныптастарымен және тәрибешілермен тілдестік.

Жанна Әлімбекова, Дамирдің тәрбиешісі:

- Биыл бізде 4-жыл оқып жүр. Ол бала жалғыз өзі шығып кетеді деп айта алмаймын. Оны мектептен біреу күтіп алуы мүмкін. Өйткені ол бала есік алдына да жалғыз шықпайды. Үнемі сұранады. Өзі кетіп қалды дегенге сене алмаймын.

Асылмұрат Белқожа, Дамирдің сыныптасы:

- Дамир – көңілді бала. Негізі бойы ұзынырақ, ақкөңіл, бірақ кішкене тұйықтау. Дамирдің жазғанын өтірік пе, шын ба білмеймін. Бізге ешкім тиіспейді, ешкім ұрмайды.

Осы жағдайдан кейін мектеп басшылығына да тыныштық жоқ көрінеді. Тіпті денсаулығы сыр беріп ауруханадан бірақ шыққан директормен қызмет орны емес, аурухана маңынан тілдесуге тура келді.

Рахмет Нұрахметов, №4 мектеп директоры:

- Қазір  біздің байқауымызда мұндай оқиғалар жоқ.Тәрбиешілер де қазір режимді күшейтті. Түнде екі тәрбиеші қалады. Ал күндіз тәрбиешілер де, мұғалімдер де мектепте болады. Полиция өз жұмыстарын жасап жатыр. Менің ойымша, қысым көрсеткен ешкім жоқ.

Бұл жағдайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс оны тәртіп сақшылары анықтауы тиіс. Ең бастысы, Дамирдің аман-есен табылуына тілектеспіз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев