Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында ер адам 7 жастағы қызды зорлады

49 жастағы адам 7 жастағы қызды зорлаған. Айуандық әрекет Жаңаөзеннің іргесіндегі Теңге кентінде талтүсте болған. Күдікті 1970 жылы туған ауыл тұрғыны уақытша қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу, тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Естеріңізде болса, өткен аптада Ақтауда 6 жастағы қызға азғындық жасамақ болған адам қолға түскен. Ол үй ауласында ойнап жүрген кішкентай қызды молаға қарай алып кеткен. Оларды сол маңнан өтіп бара жатқандар байқап қалғанда күдікті қашып кеткен. Шұғыл іздестірудің нәтижесінде бұрын адам тонағаны үшін сотталған 39 жастағы ер адам ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Жалпы Маңғыстау облысында соңғы 5 жылда 44 педофил сотталған. Президент мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғаны белгілі.

Нұрлан Таңатаров, Жаңаөзен қалалық Полиция басқармасы басшысының тергеу жөніндегі орынбасары:

- Осындай қылмысқа ұқсас факті өткен аптада Ақтау қаласында болды. Күдікті қала ішінде орнатылған бейнекамераның көмегімен анықталып, ұсталды. Алдағы уақытта осындай адамға тән емес ауыр қылмыстарды немесе басқа да құқықбұзушылықтарды алдын алу мақсатында қала тұрғындарынан жасөспірім балаларын көшеге шыққанда, мектепке барғанда үнемі қадағалап, оларды қоғамдық жерлерде немесе көшеде жалғыз қалдырмауын тапсырамыз.