Хабар телеарнасы

ШҚО-да 5 мыңнан аса жұмыс орны бос тұр

Сондықтан бұл салада білікті кран басқарушы және ауыр жүк көліктеріне жоғары санаттағы жүргізушілер жетіспейді. Ал облыстық еңбекпен қамту басқармасы ай сайын бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізеді. Алайда кейбір білікті мамандар қазіргі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары еңбекақы талап етсе, енді бірі 10-15 күндік ауысымды жұмысқа келіспейді.

Халықаралық маңызға ие «Омбы-Майқапшағай» автожолын жаңарту 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қалбатау ауылы мен Зайсан ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасына дейінгі 415 шақырымдық тасжолды шетелдік және отандық құрылыс компаниясы бірлесіп төсеп жатыр. Бекітілген жоба бар. Техника да жеткілікті. Тек сол ауыр көліктерді жүргізетін маман тапшы. Халықаралық автокөлік жолының бір бөлігі Тарбағатай ауданы арқылы өтеді. Қазір бұл жақта жолды кеңейту, ескі асфальтты қыру жұмыстары жүріп жатыр.

Берікбол Қуанышұлы, жұмысшы:

- Мемлекеттік дәрежедегі жол болғандықтан, екі жағын қалай кеңейтеміз, шыдамдылығы неше жылға болатынын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал келесі жылы асфальт салу жұмыстары басталады.

Қазір жұмысшылар екі ауысымға бөлінген. Жолдың тек бір бөлігінде 150-200 адам еңбек етеді. Олардың 80% жергілікті тұрғындар екен. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жол құрылысының қарқынын қазіргіден де үдетуге болады. Тек жұмыс күші жетіспейді. Жолдың осы бөлігінде 20-ға жуық жаңа жүк көлігі мен арнайы техника қаңтарылып тұр. Себебі басқаратын маман жоқ.

Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып жатырмыз. Ақжар, Ақсуат ауылдарында өткізіліп, осы жерде жұмыс істеймін деген халыққа үндеу тасталды. Басқа да ауылдық округ әкімдеріне тапсырма беріліп, ұйымдастырылып жатыр.

Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 180 мың теңгені құрайды. Халықаралық жолдың дәл осы бөлігі келер жылы аяқталуы керек. Сондықтан күре жолдың құрылысына жұмысшы тарту мәселесі маңызды шаруа болып тұр.

Ерболат Ошақбаев, облыстық Жұмыспен қамту және ӘБ үйлестіру басқармасының басшысы:

- Мына Тарбағатай, Жарма, Көкпекті, Зайсан, Аягөз аудандарында жұмыспен қамту мәселелері бойынша бос орындар жәрмеңкесін өткізп, қазіргі кезде 360-қа жуық квотаның 120-ға жуығын жауып бердік.

Компьютерлік бағдарлама орнатылған кейбір ерекше техникаларды басқаратын мамандар қайта даярлаудан өтеді. Олар 3-6 ай аралығында оқып, арнайы сертификат алған соң бірден жұмысқа кіріседі.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов