Хабар телеарнасы

Ұлттық Банк: базалық мөлшерлеме түсті

Ұлттық Банк елдегі ақша мен несие құнына әсер ететін базалық мөлшерлемені тағы төмендетті. Бүгін жылдық мөлшерлеме 15,25% болып бекітілді. Бұған бірінші кезекте әлемдегі азық-түлік бағасының арзандауы және негізгі орталық банктердің тежеу саясатын жалғастырғаны себеп болды. «Ал елде инфляция бірінші кезекте ішкі сұраныстың тұрақты болуымен байланысты бәсеңдемей тұр»,— дейді банкирлер. Бүгін еліміздің бас банкирі өткен жылдың қорытындысында инфляцияның төмендегенін мәлімдеді. Былтыр Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені үш мәрте төмендетті.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:
-Базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешіміміз ішкі және сыртқы инфляция деңгейіне тікелей байланысты. Біздің басты мақсатымыз 5% инфляцияға жету үшін елдегі ақша-несие шарттарын қатаң сақтау керек. Жаһандағы және елдегі экономикалық ахуалды ескере отырып, алдағы уақытта базалық мөлшерлемені төмендету саясатын жалғастыра береміз.