Хабар телеарнасы

Қазақстандық транзитте табыс көбейді

Биыл еліміз арқылы жүк тасымалы 21 пайыз артқан. Автомобиль, теміржол, әуе және теңіз қатынасында ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Әріптесім Ердәулет Ыбырайұлы жыл көрсеткіштерін саралайды.

Транзиттік маңызы зор ел ретінде Қазақстанға инфрақұрылымды дамыту өзекті тақырып.

Биыл Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан кері бағытта 25 млн тонна жүк тасымалданыпты. Бұл былтырғыдан 19% көп.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Контейнерлік транзит саласында да оң динамика сақталады. Оған қоса темір жол саласында үш ірі жобаны іске асыру басталды. Олар Дарбаза – Мақтаарал, екіншісі Алматы торабын айналып өтетін теміржол құрылысы. Үшінші Бақты – Аягөз.

Өзге жобаларды қоса алғанда алдағы үш жылда республикада 1300 шақырым жаңа теміржол салынады. Биыл жаңа 133 локомотив сатып алынды. Сондай-ақ 100 жолаушы вагоны қолданысқа берілген. Нәтижесінде вагондар паркінің тозуы 45% дейін төмендеген.

Биыл Алматы облысы, Жетіген бекетінде сауда-логистикалық орталық ашылды. Алдағы үш жылда нысан құрылысы толық аяқталуы тиіс. 200 адам тұрақты жұмыс істейтін орталық Қытаймен арадағы тауар айналымын ұлғайтып, Алматы қаласының жүктемесін 70% азайтуға қабілетті. Ал жүкті оңтүстікке жеткізу уақытын 12 сағатқа қысқартады. Терминал бір жылда 200 мың контейнер қабылдап, жөнелте алады.

Жетісу облысы арқылы осы жылдың 11 айында Қытайдан Қазақстанға 770 мыңнан астам жүк көлігі кірген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40% көп. Бұған бекеттің жұмыс кестесін ұзарту және тауар тасымалдаушылар үшін электронды кезек жүйесін енгізу арқылы қол жеткен.

Нұрлан Баймолдинов, Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: 
- Өткен көліктердің 95% транзиттік рәсіміне кіреді. Ол жерде де 40% өсім болып жатыр. Қалған 6% кедендік тазарту рәсімімен өткен. Өткен жылмен салыстырғанда ол жерде де өсім бар. 31%. Өткен жылы 211 млрд теңге Үкімет бюджетіне аударылса, осы жылдың 11 айында 306 млрд теңге скл бюджетке өндірілді. 

Халықаралық маңызы бар бірқатар автожолда жөндеу жұмыстары жүруде. Құрылыс-жөндеу басталған жолдың жалпы ұзақтығы - 10 мың 700 шақырым, оның 923 шақырымы ашылған. Пайдалануға берілгені неге аз? Бұған Сенаторлардың өз пайымы бар.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:


- Біздің негізгі күш жігеріміз құрылысы 4-5 жылға созылып кеткен жобаларды аяқтауға бағытталды. Нәтижесінде «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» негізгі жолдарда жүру қамтамасыз етілді.


Зәкіржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- Проблема да бар. «Астана-Алматы» сол жол бітпей жатыр. Неге? «Қазір тендрлар созылып, мәселе шешілмей жатыр», - дейді. Тас өзімізде бар. Битум шығаратын 4-5 зауытымыз бар. Сол үшін мен ойлаймын осы жерде министрлік жұмыс істеу керек. Жолдың қасында туризм дейміз. Ол да жүреді. Сервис дейміз, ол да бар. Осы үлкен жұмыстарды министрлік қолға алу керек.

Биыл әуе тасымалы көлемі өскен. Еліміздегі әуежайлар 2023 жылы 25 млн жолаушыға қызмет көрсетіпті. Бүгінде Қазақстан 28 елмен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 567 рейс орындалады. Бір жылда Дели, Самарқанд, Баку, Джидда сынды 23 жаңа бағыт ашылды.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші: 
- Келесі бағыт – ішкі су көлігін дамыту. Бұл бойынша Ертіс өзені арқылы «Ресей – Қазақстан – Қытай» жаңа дәлізін құру жоспарлануда. Жоба жүк тасымалдау көлемін 3,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Каспийдің жағасында кеме құрастыру зауытын салу мәселесі пысықталуда. Келешекте жаңа кеме жасап, өзімізде ескісін жөндеуге мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде 150 су көлігінің тозығы жеткен. Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары қолға алынады. Сол арқылы ірі кемелерді қабылдай аламыз.

Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов