Хабар телеарнасы

ҰБТ-ға өтініш қабылдау кезеңі басталып кетті

Кім боласың, жас түлек? Санаулы күндерден кейін еліміз бойынша ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңі басталады. Уақыт жақындаған сайын түлектерден де ұйқы қашады. Тесттен жоғары балл жинап, қалаған оқу орнынан грант жеңіп алу - көптің арманы. Бірақ маңыздысы - балл жинау емес, мамандықты дұрыс таңдау. 

ҰБТ-ға өтініш қабылдау кезеңі басталып кетті. Бірақ соңғы сәтке дейін өз мамандығын таңдай алмағандар да жоқ емес.

Аружан Сайлаубай, 11-сынып оқушысы:
-Шынымды айтсам, осы оқу жылы бойы өте көп ой болды. «Қандай мамандықты таңдаймын, қандай жол таңдаймын» деген сияқты. Қазір тоқталғаным халықаралық қатынастар болды. 

Дәл осы «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығына былтыр бір орынға 14 адам таласқан. Ал ең үлкен байқау «Тіс дәрігері» мамандығында. Бір грантқа 22 талапкер бақ сынаған. Биыл да сыннан өту деңгейі жоғары болуы мүмкін. Себебі наурыз айындағы ҰБТ көрсеткіші мынадай: Ұлттық бірыңғай тестілеуге 117 мың түлек қатысқан. Көбі «Биология-Химия» бағытын таңдаған. Қатысушылардың 17% «Физика-математика» пәндерін таңдаған. Ал сұранысқа ие үштікке «Математика-Информатика» кірген. Демек дәрігерлерден бастап, инженер, IT мамандықтарын таңдау басым.

Олжас Омар, Астана Қ. «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры:
-Жалпы қазіргі жастар жалақылары жақсы жұмыстарды таңдайды. Әлеуметтік пакеті бар жұмыстарды таңдайды. Бірақ бұдан басқа жастардың қызығушылығы ол ата-аналарының ықпалы шығар.

«Мамаңдық таңдау ата-ананың ықпалымен емес, әр адамның жүрек қалауымен жасалғаны дұрыс»,— дейді мамандар. Мысалы, елімізде ауыл шаруашылығы, агроинженерия, су ресурстары саласына барғысы келетіндер аз. Дегенмен дәл осы бағыттағы кадрлардың қажеттілігі басым. Көктемгі тасқын кезінде бұған көз жетті.

Дархан Сатанов, ҚР ҒЖБМ техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы:
-Бүгінгі күні бізде 4 өңірде осы гидрология саласы бойынша мамандарды даярлау жүргізіліп жатыр. Ол жаңағы Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шымкент қалаларында 6 колледжде бүгінгі күні  285 маман оқып жатыр. Енді біз келесі жылдан бастап тағы да 4 аймақта осы мамандықтар бойынша осы бағыттар бойынша мамандықтар ашамыз.

Жалпы қазір 200-ге жуық мамандық бойынша кадр даярланады. Биыл тағы екі мамандық қосылып отыр.

Жанна Есенбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
-Бізде криптология мамандығы енгізіліп отыр. Бұл арнайы крипто мамандарын, криптология, криптографика мамандарын дайындау үшін ақпараттық қауіпсіздік саласынан бөлек, өзінің жеке спецификасы бар, ерекшелігі бар мамандық.

Сондай-ақ енді дене шынықтыру мұғалімінен бөлек, баптаушы және спорттағы менеждмент деген жаңа мамандыққа грант қаралып отыр. Жалпы биыл бакалавриат деңгейіне 78 219 грант бөлінген. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Ал топан судан зардап шеккен 6 өңірдегі мектеп түлектері 25 мамыр мен 12 шілде аралығында тапсырады.

Авторы: Алуа Маханбет