Хабар телеарнасы

Елімізде балалар басылымдарына мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Мұндай тетік «Масс-медиа туралы» заң жобасына енгізіліп отыр. Алайда аймақтардағы мерзімді басылымдардың халі мүшкіл. Елімізде 2 мыңнан астам газет-журнал бар. Бірақ оларға 375 мың адам ғана жазылған. Әрі бұл көрсеткіш жылдан жылға азайып барады. Көбі жабылып жатыр. Бүгін Мәжілісте мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік мерзімді басылымдарды қолдау тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында сөз алған редакторлар: «Мемлекет, газеттерге экономикалық тиімділігі тұрғысынан емес, идеологиялық игілігі жөнінен қараса»,— дейді. Ал жауапты министрлік өкілі жаңа заңда мерзімді басылымдарға да грант беру қарастырылғанын айтады. Дегенмен олар да бәсекеге қабілетті болуы қажет. Министрлікке мін таққан депутаттар да болды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
-Әрбір газеттің иесі немесе редакциясы оқырман үшін жұмыс жасауы қажет. Оқырманға қызықты болуы керек. Бәсекелестік болуы керек. Бұл нарықтан біз ешқайда кете алмаймыз. Қанша біз қаржы берсек те, бәсекеге қабілеттілігі төмен болса, оларды қаржыландыруды тоқтатамыз. Бұл - заңды нәрсе.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазақстанда басты проблема не? Бізде газет оқитын аудитория жоқ қой. Оны неге мойындамай отырмыз біз? Осы жерде проблеманың бәрі. Газет шықпай жатқан жоқ, шығып жатыр. Ақша бөлінбей жатыр емес,  бөлініп жатыр. Бірақ оқырман жоқ. Неге? Бізде газет оқу мәдениеті жоқ. Түркияда кафеде кітапханалар бар. Бізде теміржолға барсаң да газет жоқ. Менеджмент қайда министрлік тарапынан?