Хабар телеарнасы

Жаңа Бұқтырмадағы ескі мектеп және шаңырағы шайқалған «Шаңырақ»

Президент пәрменімен жемқорлардан қайтқан қаржыға жақын уақытта 100 мектеп салынбақ. Риддердегі жалғыз қазақ мектебі туралы материалды назарға ұсынамыз. Өткен аптада облыс әкімдігіне тағайындалған Ермек Көшербаев Президент қабылдауында болғанда аймақта проблемалар тізімін жазып алып, орындалатынын айтқан. Сол тізімде тұрған «Шаңырақ» мектебінің жағдайы алдағы оқу маусымында шешіледі деп сенеміз.

Шарасыз «Шаңырақ» осы. Көнелігі маңдайшасынан-ақ көрінеді. Талшын Дүйсенова кезінде осы мектепте оқыған, сол кезде тозып тұрған мектеп еді, жөндеу көрмеген ескі мектепте қазір балалары оқып жүр. Шаһардағы жалғыз қазақ мектебінің оқушылары іргетасы осыдан 65 және 90 жыл бұрын қаланған екі ғимарат ортасында сабылып жүр. Екі ескі нысанның арасы алшақ. Біз де жаяу барып көрдік. Ағылған көлік арасымен екі жол қиылысынан өтуге тура келді.

Талшын Дүйсенова, ата-ана:

- Жолдан ары бері өткенге өте қауіпті, өйткені машина қағып кеткен жағдайлар да болды, мұғалімдердің өздеріне де ыңғайсыз, бастауышқа орыс тілінен ағылшынан беретін мұғалімдер, олар екі ортада ары-бері жүру керек, ол өте ыңғайсыз, олар да асығады, оқыс деген аяқасты ғой.

Риддерде 16 мектеп болса, оның дені орыс не аралас. Таза қазақ тілдісі «Шаңырақ» қана. Тарихы да қызық. Қазағы аз қалада әп дегенде қазақшаға үйрететін үйірме болып ашылыпты. Кейіннен орта мектепке айналса, одан соң көпсалалы гимназия статусына ие болды. «Шаңырақтың» шашбауын көтеріп жүргендердің бірі - Құралай Садықова. Оның сөзінше, бастапқыда қазақ гимназиясына арнап жаңа нысан салынады деген нақты жауап болыпты. Сол жауап бүгінде жауыр уәдеге айналған.

Құралай Садықова, Риддер қаласы «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» ҚБ филиалының хатшысы:

- Шаңырақ мектебіне жер бөлгіздіртіп алады, содан кейін сол мектепті саламыз деп үкіметтен қаражат бөлдіртіп алады, ал енді 2019-2020 жылы ма қаражатты түсіртіп, енді мектепті эксплуатацияға береді деген кезде оны алады да, қаулымен аралас мектеп қылып ауыстырып жібереді.

Шаңыраққа бұйырмай, араласқа айналған мектеп 600 оқушыға шақталған. Бірақ қазір онда бала толмай жатыр. Бұған арнайы комиссия құрамында болғандар да көз жеткізді.

Назар Ерназарұлы, қоғам белсендісі:

- Орыс сыныптары 1-10 сыныпқа дейін 24-25 баладан болды. Қазақ сыныптары 1-10 сыныпқа дейін, бірақ сынып деп айтуға ұят. Өйткені бір сыныпта бір бала, 3 бала, 4 бала, ең үлкен сынып 12 бала болды.

Бала жинай алмай жатқаны былай тұрсын, бұл мектеп өткен оқу жылын лицензиясыз өткізген.

Зейнеп Махсутова, Облыстық білім басқармасының департамент басшысы:

- Ол мектеп 600 орындық екені рас, бірақ 300-ден аса оқушы оқып жатыр. Талапқа сай мектеп салынар кезде контингент ескерілу керек еді. Оның үстіне талай рет лицензия ала алмай келеді. Ішкі кемшілік көп. Таяудағы тексерісте өзге мектептің мөрі басылған оқулықтарды кітапханаға толтырып қойғанын көрдік.

Оқушыға жарымай отырған осы аралас мектептің ұжымын неге бала санына шақ мекемеге көшірмеске. «Сөйтіп орнына «Шаңырақты» кіргізсе, әлі де кеш емес еді»,- дейді мұндағы жұрт.

Назар Ерназарұлы, қоғам белсендісі:

- Осы ұсыныспен шықтық, жай айттық, жазып айттық, қалжың қылып айттық, ақыры осы мінеки журналистер сіздер келіп отырсыздар. Біз сұрамады деп ойламаңыз, бұл «Шаңырақты» сұрағалы бізге 20 жыл болды.

Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның жауабы екі ұшты. Кесімді шешім жоқ. Тек ата-аналар ұсынысын қарастырамыз, әр баланың құқығын қорғаймыз деуден аса алмай отыр.

Инесса Чернышёва, ШҚО Білім басқармасының басшысы:

- Бұл ұсынысты біз қарастырып жатырмыз және оң шешім қабылдануы әбден мүмкін.Тек барлық баланың құқығына тең қарауымыз керек.Сондықтан ата-аналарға, оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша екі жақты келісім жасалады деп ойлаймын.

Салалық басқарма «Шаңырақ» шаршағанмен, шошитын түгі жоқ деп отыр. Олардың ойынша, ескі ғимараттан да есті білім алуға болады. «Құлағалы тұрған жапсарлас бір ғимаратты көктемде сүрдік, ал қалған бөлігі жөндеуге жарап тұр», - дейді. Сол үшін 60 миллион теңге бөліпті.

Кәрі кемпірдің бетін қанша опаласаң да, жасарып кетпейтіні белгілі.

Облыста Шаңырақтай шарасыз отырған тағы бір қазақ мектебі бар. Ол Бұқтырма кентінде. 200-ге жуық бала ондаған жыл бойы қаңсыған балабақша ғимаратында оқып келеді. Мектеп тек мұғалімдердің күшімен қалқиып тұр. Опырылып түскен қабырғаларды Абайдың суретімен аптап қойыпты.

Ержан Жанпейісов, Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазақ мектебінің директоры:

- Бір жағынан, бұл балаларға үлгі-өнеге беретін, Абайдың кім екенін түсіндіріп, насихаттайтын болса, екіншіден, Абай атамыз артымыздың шұрық-тесігін жамап тұр.

Бұл білім ошағы да жаңа ғимараттан дәмелі. Құрылысқа жер бөлінді. Сметалық құны анықталды. Меже бойынша келер жылы тамызда салынып біту керек. Алайда жаңа оқу жылының басталуына екі ай қалды, ал жаңа мектептің әлі бір кірпіші де қаланған жоқ. «Жайлы мектептен» үмітті шығысқазақстандықтар: «Жаңа оқу жылы жайсыз бастала ма», - деп алаңдап отыр.

Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов. ШҚ. «7 күн».