Хабар телеарнасы

ҰБТ: биылғы көрсеткіш қандай?

Сынаққа қатысқандардың 76% қазақ тілін таңдаса, 24% орыс тіліне басымдық берген. Қалғаны өзгеріссіз. Әдеттегідей 5 пән, 120 сұрақ. Бұл жөнінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры айтты.

Гүлжан Жарасова: «Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 290 мыңнан астам өтініш түскен», - деді. 160 мыңы бірінші, 130 мыңы екінші мүмкіндікті пайдалануға арналған. Айтпақшы, ең жоғары балл жинаған түлектің тесті дүрбімен тексеріліп жатыр. Орнына адам кіргізуге ұмтылғандар да болды.

Биылғы ҰБТ-да тағы қандай жаңалықтар болды?! Биыл 3200 жуық талапкер 120 балдан жоғары жинады. Сынақта ұсынылған барлық сұраққа тек үшеуі ғана дұрыс жауап берген. Оның екеуі ереже бұзып, көзге түскен. Сәйкесінше, жиған тергенінен айырылды. Ал үшіншісі ше?! Үшінші түлектің көңілі күпті. Себебі мамандар оның да сынағын сүзгіден өткізіп жатыр.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- ҰБТ толық аяқталғаннан кейін постпрокторинг жүргізіліп, тестілеу нәтижелері тексеріледі. Былтыр 52 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылған болатын. Оның ішінде 38-і мемлекеттік грант иегері еді. Талапкердің ҰБТ кезінде алған нәтижесі жойылған жағдайда қаңтарда немесе наурыз айында тапсырған тест қорытындысының негізінде ақылы оқуына болады.

Адамнан айла асқан ба?! Амалын тапқан ағасы інісінің орнына тест тапсыруға ұмтылыпты. Алайда «талапкерді» табалдырықтан Face-ID технологиясы тоқтатқан. Түрі бөтенді тілі бөтен тез таныды. Сөйтіп кері қайтарды.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

 - ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны, яғни, ағасын жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды. Естеріңізге сала кетсем, өткен жылы бұндай 18 жағдай анықталған еді.

Осындай қатаң тексерістердің нәтижесі болса керек, биыл ереже бұзатындардың саны азайыпты. Былтыр 750-ден аса түлек тыйым салынған затты алып өтуге тырысқан. Биыл бұл көрсеткіш 327-ге төмендепті.

Биылғы сынақтан 103 мыңнан аса талапкер шекті балл жинаған. Өткен жылғы дерекпен салыстырғанда 7% тәуір. Өкініштісі, 51 мыңдай түлек тиісті межеден ары аса алмады.