Хабар телеарнасы

Ғалымдар «СӨЗТҮЗЕР. Қате қолданыстар сөздігі» кітабын таныстырды

Ғалымдар екі ай бойы республикалық телеарналар мен радиоларды, газеттер мен сайттарды бақылап, қате қолданылған 3,5 мың сөз бен сөз тіркесін анықтаған. Тіл тазалығы – маңызды мәселе. Сондықтан ғалымдар «Сөзтүзер» атты кітаптың тұсауын кесті. Онда 2 мыңнан астам мысал жинақталған. Әсіресе журналистер аудармаға негізделген жаттанды тіркестерді көп қолданып, сөздердің орын тәртібін сақтамайды. Кітапта осы қате сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс нұсқасы ұсынылған. Кітаптың таралымы әзірге 500 дана. Алдағы уақытта сөздіктің электронды нұсқасы да шығуы мүмкін.

Шерубай Құрманбайұлы, ҚР ҰҒА академигі, жоба жетекшісі:

- Бір тележүргізушіміз: «Көшпелі бұлт жүреді, көшпелі бұлт жүреді», - деп жиі айтады. Енді өздеріңіз жақсы білесіздер, бұлт жүрмейді, бұлт көшеді, бұлт басады, бұлт түседі, бұлт торлайды, бұлт үйіріледі. Мұндай сөздік осыған дейін Қазақстанда жарық көрген жоқ. Бірақ басқа елдерде осындай сөздіктің тәжірибелері бар. Мәселен, көрші Ресейде «Словарь ошибок» дейтін сөздік түрі бар.

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы:

- Абай айтпақшы, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Бұл әрбір журналистің, қалам ұстаған қауымның қолында жүретін, үстелінде тұратын тұрақты еңбекке айналады деп сенеміз.

Ғалымдар: «Осындай қателерге бой алдырмай тұрғанда, әрбір журналист бұл еңбекті жастанып оқуы керек», - деп отыр. Сондай-ақ кітаптың тұсаукесерінде Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ұялы телефондарды қазақша қаріп қойып барып сатуды ұсынды. Оның ойынша, әлеуметтік желідегі сауатсыздықтың бір себебі осы қазақ қарпінің болмауында.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір-біріне хабарлама жазатын адамдар жүздеген есе көбейді. Соның әсерінен жалпы тілді қолданушылардың сауат деңгейі төмендей бастады, оның енді бірте-бірте БАҚ-қа ауысу қаупі бар. Осындай кезде еңбектің жарық көруі қай жағынан да өте құптарлық.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бәріміз таза ауа жұтқымыз келеді, таза су ішкіміз келеді, таза жерде жүргіміз келеді. Сол секілді тіл әлемінің де тазалығы бар. Яғни қазақтың тілін таза, мүлтіксіз, қатесіз сөйлеу, еркін сөйлеу бұл – мемлекеттік тілге деген құрмет. Ал енді тілбұзарлық, тілді дұрыс қолданбау өрістеп бара жатқан кезеңде мұндай кітаптың жарық көруі – үлкен, ауқымды еңбек. Жалғасы шықпаса екен, қате сөздердің көптомдығы болмаса екен деген тілек айтқым келеді.