Хабар телеарнасы

Ресейдің 39 өңірі тасқыннан зардап шегіп отыр

Әсіресе Орынбор облысында ахуал ауыр. Қорған мен Түмен облыстарында да жағдай ушыққан. Алдағы күндері осы екі өңірге келетін су мөлшері тек көбейе береді. 

Өткен аптада Ор қаласында су бөгеті екі мәрте жарылған. Он бір мыңға жуық үй мен 18 мыңнан аса саяжайды су басып, 6 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Шаһардағы мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. 47 көпір су астында қалды. Инфрақұрылымға келген шығын 21 млрд рубльге бағаланып отыр. Ал жуырда су бөгеті қайта жарылды.

Александр Ситников, Орынбор облысындағы ТЖМ басқармасының баспасөз хатшысы:
-Ор қаласының ескі бөлігінде қайта су бөгеті жарылды. Никель елді мекенін су алып жатыр. Эвакуацияны өткізіп жатырмыз.

Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, Орынбор облысында бір ғасырдан бері мұндай жойқын су тасқыны болмаған. Өңірде федералды деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Ресейдің төтенше жағдайлар министрі сәуірдің соңына қарай жағдай тұрақталады деген болжамын айтты. Тасқынның шарықтау шегі сол уақытқа келетін түрі бар. Қалада енді А гепатитіне қарсы вакциналау басталады. Дүкендерде ауызсу болмағандықтан, тұрғындар құбырдан аққан суды қолдануға мәжбүр болған. Салдарынан ішек инфекциясы таралып, бүгінге дейін 18 адамнан норовирус анықталды. Жергілікті ауруханалар уақытша карантинге жабылды. Жалпы 99 адам дәрігерлік көмекке жүгінген. Олар облыстың өзге елді мекендеріндегі емдеу орындарына жеткізілген. Қорған мен Түмен облыстарында да ахуал ушығып барады. Мамандар алдағы күндері жағдайдың оңалуы қиын деп отыр.

Дмитрий Пелих, Ресей ТЖМ қорған облыстық басқармасы бастығының орынбасары:
-Қорған облысында су тасқынына байланысты жағдай өте күрделі. Облыс орталығымен қоса 6 ауданды су басуы мүмкін. Қорғанды есептемегенде қауіпті аймақтағы 62 елді мекенде 18 мыңнан астам адам тұрады. Өңірде жоғары дайындық тәртібі жарияланды.

Үш өңірдегі жағдайға байланысты Ресей президенті үкімет комиссиясын құруды бұйырды. Владимир Путин ішкі істер министріне су басқан аймақтарда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуді жүктеді. Айта кету керек, Орынбор облысында қараусыз қалған мүлікті тонау деректері тіркеліп жатыр. Жергілікті прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, бір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

Авторлары: Бекболат Тұрмаханов